Бүкіләлемдік гемофилия күніне орай ашық есік күндері жарияланды - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік гемофилия күніне орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен науқастар үшін ашық есік күндері жарияланды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

«Гематолог дәрігерлердің кеңес беру кабинеттері орналасқан облыс орталықтарының барлығында тегін кеңестер беріледі. Республикалық деңгейде Астанада орналасқан Жедел медициналық көмек республикалық орталығында барлық келушілерге бірқатар медициналық қызметтер: гематологтар мен ортопедтердің кеңестері, қанның ұю факторлары деңгейі мен ингибиторды анықтау, дәрілік препараттарды өзінше енгізуге оқыту, буындарға магнитті резонансты томография жасау және т.б. қызметтер көрсетіледі», - делінген баспасөз хабарламасында.    

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанда гемофилиямен сырқаттанатын 771 науқас дәрігерлердің бақылауында. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аяында науқастардың барлығы қанның ұю факторларымен қамтамасыз етілген. Гемофилиямен ауыратын науқастар қауымдастығымен бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижесінде елімізде науқастарға көрсетілетін медициналық жәрдем сапасы артуда. Қанның ұю факторларымен қамтамасыз ету деңгейі ТМД елдерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.  

Қазақстан - науқастардың қанның ұю факторларына, қан ағымына профилактика жасау және емдеуге кететін шығындарды мемлекет көтеретін әлемдегі жалғыз ел. Тіпті, гемофилияның ең қатерлі - ингибиторлық түріне шалдыққан науқастар да тиісті факторлармен қамтамасыз етіледі. Дегенмен, алда әлі көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Олар: ауру түрі және терапия ережелері туралы науқастарды ақпараттандыру деңгейін арттыру, науқас балаларды үйде дұрыс қарауға үйрету, қанның ұю факторларына жалпылама скрининг, гемофилия гені барларға генетикалық сараптама жүргізу және т.б. шаралар.  

Айта кетейік, жыл сайын 17 сәуірде әлемнің көптеген елдері Дүниежүзілік гемофилия федерациясының акциясына қатысып, Бүкіләлемдік гемофилия күнін атап өтеді. Аталған іс-шара мақсаты - осы ауыр дерт проблемаларына қоғам назарын аудару.