«Бүкіләлемдік глаукома апталығы» аясында Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында ашық есік күндері өтуде

None
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - 10-16 наурыз аралығында «Бүкіләлемдік глаукома апталығы» өтуде. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Еске сала кетсек, глаукома ауруы - офтальмология саласы үшін ең өзекті проблеманың бірі. Мәліметтерге қарағанда, әлем бойынша аталмыш дертке шалдыққан адамдар саны 66,8 млн.-нан 105 млн.-ға дейін жетеді. Сонымен қатар, адамды көз жанарынан айырып, зағиптыққа ұрындыратын себептердің ішінде глаукома 2-3 орынға тұрақтап, экономикалық дамыған елдерде барлық зағип жандардың 14-15%-ын құрайды екен.

«Глаукома отандық офтальмология үшін де басым бағыттардың бірі боп қалуда. Қазақстанда глаукоманы скринингтеу жұмысы 2011 жылдың сәуір айында басталды. Бүгінгі таңда республика бойынша 3 740 384 адам глаукомаға скринингтік тексеруден өткізілді. Ал «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында мамандандырылған глаукома кабинеттерін ашу жоспарланған», - делінген баспасөз баянында.

Тоқтала кететін жайт, Бүкіләлемдік глаукома күні шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты мамандары ашық есік күндерін, науқастарға арналған «Глаукома мектебі» және дәрігерлерге арналған «Глаукоманы диагностикалау және емдеудің қазіргі заманғы әдістері» тақырыбында оқыту семинарларын өткізуде.