Бүкілармиялық сержанттар кеңесінің отырысы өтті - ҚР ҚМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігінде Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-полковник С.Жасұзақовтың қатысуымен жыл сайынғы үшінші Бүкілармиялық сержанттар кеңесінің үшінші отырысы өтті.

Іс-шараға ҚР Қарулы Күштері түрлерінің, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардың, әскери оқу орындарының сержанттар кеңесінің төрағалары қатысты, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Отырыстың күн тәртібінде сарбаздарды жеке даярлаудағы сержанттардың рөлін арттыру, бөлімшелердегі әскери тәртіпті нығайту, келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданатын үміткерлерді іріктеу жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды.

Сержанттардың қызметіне қатысты өзекті мәселелер сержанттар кеңесінде ротадан бастап ҚР ҚК түрлеріне дейінгі барлық деңгейде толық талқылаудан өтті.

ҚР ҚК Бас штабының бастығы Бүкілармиялық сержанттар кеңесінің маңыздылығына тоқтала келе, «бұл Кеңес Қарулы Күштердің басшылығы мен сержанттар және сарбаздар құрамының әскери қызметшілерін байланыстырушы буын», - деп ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, генерал-полковник С. Жасұзақов жеке құрамның жауынгерлік даярлығын сапалы жүргізу, бөлімшелердегі жоғары әскери тәртіпті нығайту бойынша тапсырмалар қойды.

Бүкілармиялық сержанттар кеңесінің қатысушылары үшін «Жас ұлан» республикалық мектебінде «АҚШ армиясының әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау бағдарламасының ұйымдастырылуы және қызметі туралы» танымдық брифинг өткізіледі.

Брифинг ҚР Қарулы Күштердегі әскери қызметшілердің отбасын қолдау жөніндегі қоғамдық ұйымдардың жұмысын құру және енгізу тәжірибесі шеңберінде жүргізіледі.

Сержанттар кеңесінің үшінші отырысында анықталған тұжырымдар мен ұсыныстар сержанттар корпусын одан әрі жетілдіру бағдарламасының негізіне алынатын болады.