Бүкіл әлемде ChatGPT және басқа да сервистердің жұмысы істен шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүкіл әлемдегі қолданушылар ChatGPT және басқа да сервистердің жұмысында ақаулар болғанын хабарлап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: freepik.com

Чат-ботқа қолжетімділік мәселесі бірқатар танымал жасанды интеллект сервистерінде қатарынан болған ауқымды ақау аясында байқалып отыр.

Downdetector мәліметінше, ақаулар ChatGPT, Claude және Grok сервистеріне де әсер еткен. Әлемнің әр түкпіріндегі қолданушылар бірнеше жасанды интеллект сервисінің жұмысында қиындықтарға тап болған.

Қазақстанда да Detector404 сервистердегі ақауларды тіркеп отыр. Сонымен қатар OpenAI компаниясының ресми парақшасында ChatGPT жұмысына қатысты мәселелер бар екені көрсетілген.

Қолданушылардың айтуынша, чат-бот сұрауларға жауап бермейді, жүктелмейді немесе қате туралы хабарлама шығарады. Ақаулар сервистің веб-нұсқасында да, мобильді қосымшаларында да байқалады.

Қазақстанда ақаулар туралы хабарламалардың ең көбі Алматы мен Астана қалаларындағы қолданушылардан түскен.

Бұған дейін OpenAI ChatGPT және Codex жұмысында қателер санының артқанын растаған болатын. Компания мәселені шешу үшін қажетті шаралар қабылдағанын және сервистердің қалпына келуін бақылауды жалғастырып жатқанын хабарлады.

Бірнеше жасанды интеллект сервисінің бір мезгілде істен шығу себептері әзірге ресми түрде анықталған жоқ.

Осыған дейін жасанды интеллектінің қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениетін қаншалықты білетіні арнайы сынақ арқылы тексерілгені айтылды.

Сонымен қатар Бағдат Мусин қазіргі таңда қазақ тілінде жасанды интеллектіні пайдалану ағылшын тілімен салыстырғанда үш есе, ал орыс тілімен салыстырғанда екі есе қымбатқа түсетінін айтқан еді.