Бүкіл жұмысты башпайымен істейтін қызылордалық әке бала тәрбиесіндегі ұстанымы туралы айтты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Маусымның үшінші жексенбісі — Әкелер күні қарсаңында Kazinform тілшісі Қызылорда қаласында тұратын І топ мүгедегі Өмірәлі Бақтиярмен бала тәрбиесіндегі әкенің орны туралы сөйлесті.
Кейіпкеріміздің туғаннан қос қолы жоқ. Келіншегі де — мүмкіндігі шектеулі жан, церебралды сал ауруына шалдыққан. Әңгімеміз екеуінің таныстығынан басталды.
- Мен Сырдария ауданының Ақжарма ауылында туып-өскенмін. Әйелім осы ауданның орталығынан. Біз 2008 жылы Қызылорда қаласына көшіп келдік. Келіншегіммен содан бір жыл бұрын ғана танысқанбыз. Бірақ үйленуімізге екі жақ та көпке дейін қарсы болып, үш жыл бойы ешкімге білдірмей күндіз ғана кездесіп жүрдік. Бірақ анам «біз ертең олай-былай болып кетіп жатсақ, бұған кім қарайды, үйленгені дұрыс» дегесін туыстарым райынан қайтып, 2010 жылы Лаура екеуміз бас қостық, - деді Өмірәлі Бақтияр.
Осы кезде әңгімемізге Лаура Мырзабекова араласып, жұбайының сөзін жалғастырды.
- Біздің отбасы болатынымызға көбі күмәнмен қарады. Тек қайтпас қайсарлығымыздың арқасында ғана үш жылдан кейін бәрін көндіріп, үйлендік. Өйткені біздің мұңымыз, мұқтажымыз бір еді. Ең бастысы, сөзіміз жарасты, - деді ол.
Лаура Мырзабековаға дәрігерлер бала көтеруге және тууға болмайтынын ескерткен. Соған қарамастан ол тәуекелге барып, Алланың қалауымен екі сәбиді дүниеге әкелді. Тағдыры ұқсас ерлі-зайыптылар бүгінде қыз бен ұл өсіріп отыр.
- Дәрігерлер босанған күннің өзінде баланың денсаулығы дұрыс болмайтынын кесіп айтты. Талай күнім жылаумен өтті. Алдыруды да ойладым. Бірақ соңында тәуекел еттім. Аллаға шүкір, дені сау, денсаулығы дұрыс баланы дүниеге әкелдім, - деді Лаура Мырзабекова.
Екеуі есейіп, әке-шешесінің жұмсауына жарап тұр.
- Қызым маған, ұлым анасына жақын. Екеуін де балабақшаға өзім тасыдым. Көшеге шыққанда киімімнің жеңінен ұстап алатын. Қызым әуелгіде журналист болам деп жүрген, енді медбике болуды армандайды. «Өскенде сіздерді емдегім келеді, өзім екпе салғым келеді» дейді.
Ұлымның арманы — полиция қызметкері немесе футболшы болу. Екеуі де әрдайым жанымыздан табылатын қолқанатымызға айналды, - деді Өмірәлі Бақтияр.
Кейіпкерімізден бала тәрбиесіндегі ұстанымын сұрадық.
- Аға-жеңгелерімнің бала тәрбиелеудегі тәжірибесінен керегін алып, өзім балалы болғасын оған әкелік мейірімді қостым. «Сырт көз — сыншы» дейді, көршілеріміз «балаларыңды қалай тілалғыш етіп өсірдіңдер?» дегенде оларға дұрыс тәрбие бергенімізге көзім жетті. Бұл оңай болған жоқ. Біз баланың бетін қақпаймыз. Арманын, ойын еркін жеткізуге мүмкіндік береміз. Баланы қақпайлауға, аузын жаба беруге болмайды. Әйтпесе, оған сенің орныңа басқа біреу ақыл айтады. «Біз сендерді әрдайым қолдаймыз, бірақ өз мақсаттарыңа өздерің қол жеткізесіңдер» дейміз. Мектепте, өзге ортада қандай да бір мәселе туындаса, өзі шешуі керек екенін ескертеміз. Мәселе шектен шығып бара жатса ғана араласамыз, - деді ол.
Бұл отбасы мемлекет жәрдемақысы есебінен ғана күнелтіп отыр. 17 жыл үй кезегінде тұрып, былтыр ғана пәтерлі болыпты. Соның кетік-құтығын жөндеу кейіпкеріміздің мойнында. Өзінің қолынан келмейтіні жоқ. Ер адамға тән бүкіл тірлікті тап-тұйнақтай қылады. Теледидар, телефон жөндеу, моторды шашып, жинау, топсасы кеткен есікті дұрыстау, тағысын тағы оған түк емес. Соның бәрін башпайымен атқарады. Ептілігі үшін әкесіне үнемі алғыс айтып отырады.
- Әкем қатал болды. «Сенің қолыңнан келмейді, істей алмайсың, отыр» деген жоқ. Отқа да салды, суға да салды. Ағаларым да солай аямай жұмсады. Бала күнімде сол үшін ренжідім. Бірақ олар мені өмірдің сынағына дайындағанын, пісіріп алғысы келгенін кейін түсіндім. Отбасымды ұстап отырғаным да соның арқасы деп ойлаймын. Үйленгесін әке-шешем бізбен біраз жыл бірге тұрды. Екеуі де немересін көріп, өмірден өтті, - деді Өмірәлі Бақтияр.
Біз бұған дейін қызылордалық тағдырлы ақын Нұрмүхамед Әбілқасымов пен жұбайы Әйгерім Нұрланованың отбасылық өмірі туралы жазғанбыз.