ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаевтың айтуынша, заң жобасы бойынша букмекер кеңсесі және тотализатор кассаларынан алынатын салық 75 айлық есептік көрсеткіштен (138 900 теңге) 150 айлық есептік көрсеткішке дейін (277 800 теңге) ұлғаятын болады. Ал букмекер кеңсесі мен тотализатордың электрондық кассасына салынатын салық 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін (3 млн. 704 мың теңге) артады. Агенттің басшысының сөзіне қарағанда, электрондық кассаға салықты арттыру негізінен оны пайдаланушылардың көптігіне қарай орын алып отыр. Мәселен, орта есеппен алғанда Интернет-ресурс арқылы бәс тігуге тіркелген қатысушылардың саны 200 мың адамға жетеді әрі олардың 50 пайызы тұрақты қатысушылар болып табылады. Әлеуметтік сауалнама деректері бойынша бір қатысушының орташа ставкасы айына 5 000 теңгені құрайды. «Бұдан бөлек, әрбір ойын мекемесі үшін міндетті резервтер түрінде қамтамасыз ету мөлшерлері де ұсынылады. Атап айтқанда, букмекерлік кеңсе үшін бұл 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (37,4 млн. теңге) 40 000 айлық есептік көрсеткішке (74,8 млн. теңге) дейін белгіленбек. Ал тотализаторлар үшін 5 000-нан (9,2 млн. теңге) 10 000 айлық есептік көрсеткішке дейін (18,5 млн. теңге) ұлғайтылады», - деді агенттік төрағасы.
17:12, 04 Наурыз 2014
Букмекерлік кеңселерге салынатын салық арта түседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ойын бизнесі саласына салынатын салық мөлшері арта түседі. Бұл туралы Мәжілісте ойын бизнесі мәселелеріне арналған заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.