Бұқтырма өзеніндегі аралда қалып қойған 9 адам құтқарылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма өзеніндегі аралда 9 адам қалып қойған. Оларға құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

10 желтоқсан күні кешкі уақытта Алтай ауданы Быково ауылынан 7 шақырым жерде марал шаруашылығының 9 жұмысшысы Бұқтырма өзені арқылы "Урал" жүк көлігімен үйге бет алған. Алайда, өзендегі бұжыр мұз оларға жол бермеді. Сөйтіп, өзен ортасындағы аралда қалып койған жұмысшылар құтқарушыларға хабарласып, көмек сұрады.

- ТЖД қызметкерлері шұғыл түрде сол жерге келіп, 9 ер адамды қайықпен жағаға шығарды. Содан кейін оларды жылы "Кунг" көлігіне отырғызды. Азаматтар ең жақын жердегі Быково ауылындағы жылыту пунктіне жеткізілді, - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Жұмысшылар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ. Түнгі құтқару операциясына жеке құрамнан 12 адам, 3 техника және 2 жүзу құралы жұмылдырылған.

Фото - ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен