Бұқтырма – Шығыс Қазақстанның энергетикасы мен ландшафтын өзгерткен бөгет

Фото: Бұқтырма СЭС құрылысы. Геодезист С.С.Сергеева жұмыста. 11.10.1956.

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Kazinform агенттігінің 105 жылдығына орай оқырман назарына Бұқтырма су электр станциясы мен оның аттас су қоймасы құрылысы кезінде түсірілген сирек фотосуреттерді ұсынбақпыз. Ауқымды жобаның тарихымен агенттік тілшісі танысып қайтты.

Бұқтырма су электр станциясы - Қазақстандағы ең қуатты станция. Ал бұл СЭС-пен аттас су қоймасы - әлемдегі ең ірі ондыққа кіреді. Нақты айтқанда, көлемі жағынан 5-орында. Архивтерден табылған бірегей кадрлар тек инженерлік жетістіктерді ғана емес, мыңдаған адамның өмірін мәңгілікке өзгерткен тарихи бетбұрысты да көрсетеді.

Сұрапыл соғыс кейінге шегерген бастама

Архив деректеріне сүйенсек, Ертіс өзенінде СЭС салу жөніндегі алғашқы ұсыныстар 1930 жылдары айтылған. Бұл Ресейді электрлендіру жоспарының жалғасы ретінде болды. Алайда Ұлы Отан соғысы бұл жобаның іске асуын бірнеше онжылдыққа кейінге шегерді. Тек 1952 жылы КСРО Министрлер кеңесі маңызды құрылысты бастау туралы шешім қабылдады.

Ол кезде өңірде тау-кен өнеркәсібі қызу қарқынмен дамып жатты, ал жаңа қуат көздері ауадай қажет еді. Жобалауды «Гидропроект» институтының Ленинградтағы бөлімшесі қолға алды.

- Жобалаушылар станция орналасатын жерді өте сәтті таңдады. Құрылысты су астында емес, арнайы бөгетпен қоршалған құрғақ шұңқырларда жүргізу мүмкін болды. Бірінші кезектегі бөгеттердің артында оң жақ жағалауда су төгетін бөгет тұрғызылды, ал екінші кезектегі бөгеттердің артында - тікелей СЭС-тің өзі салынды, - деп еске алды жобада жұмыс істеген инженерлер.

Алғашқы құжаттарда СЭС 6 агрегатпен жобаланған. Алайда құрылыс барысында олардың саны 9-ға дейін ұлғайып, қуаттылығы 435 МВт-тан 675 МВт-қа дейін артты. Соған қарамастан, шығындар айтарлықтай өспеген.

Кентке қала мәртебесі берілді

Бұқтырма СЭС-і құрылысы «Ертіссэсқұрылыс» кәсіпорнына тапсырылды. Бұл мекемені инженерлік жаңашылдығымен аты аңызға айналған Михаил Васильевич Инюшин басқарған. Оның жетекшілігіндегі ұжым бұған дейін қысқа мерзімде Ертістегі алғашқы су электр станциясы - Өскемен СЭС-ін салып, танымал болған еді. Ал жаңа нысан ірі елді мекендерден алшақта орналасқандықтан, құрылысшыларға баспана қажет болды.

1952 жылы қазіргі Серебрянск қаласы тұрған жерде Фрунзе атындағы колхоз болған-тұғын. Арада бір жыл өткенде алғашқы жылжымалы үйлер салынып, кейінірек мектеп, клуб, аурухана, электр желілері бой көтерді. Он жылдан соң Серебрянка жұмысшы кенті қала мәртебесіне ие болып, Серебрянск деп аталды.

Бұл мәліметтердің барлығы Серебрянск қалалық кітапханасындағы өлкетану залында сақтаулы. Оны жергілікті жұрт Михаил Васильевич Инюшиннің музей-үйі деп атайды.

- Бұл зал үлкен құрылыстың жетекшісі Михаил Васильевич тұрған үйде орналасқан. Мұнда оның жеке заттары - мәрмәрден жасалған қаламұш, дискілі телефон сақталған. Бұқтырма СЭС-інің тарихына арналған тұтас бір залымыз бар. Экспозицияда станцияның нақты макеті, құрылысшылар түскен тарихи фотолар қойылған. Мысалы, алғашқы келген бригаданың 1952 жылғы суреті, шатырлы қалашықтың көріністері көзге оттай басылады. Залдың ортасында тарихи сәт бейнеленген - Михаил Васильевич Инюшин радиотілшілердің ортасында тұрып, Бұқтырма СЭС-інің алғашқы агрегатының іске қосылғанын телефон арқылы хабарлап тұр, - дейді өлкетану залының меңгерушісі Галина Самохвал.

Мұрағаттарда сақталған құнды деректер

1953 жылы СЭС-тің бөгетін тұрғызу үшін алғашқы жер қазу жұмыстары басталды. Құрылыс барысының әр кезеңі минутына дейін тіркеліп отырған. 1955 жылдың желтоқсанында «Козловка» қосалқы станциясы мен «Өскемен СЭС - Серебрянка» ЛЭП-і салынды.

1956 жылғы 4 маусымда шлюз учаскесінің жұмысшылары алты күн ішінде шлюздің төменгі арнасының котлованынан суды толықтай сорып шығарды. 1956 жылдың 19 маусымында сағат 18:00-де Ертіс өзенінің түбіне былай деп жазылған жез тақтай орнатылды: «Бұқтырма СЭС-інің бөгеті 1956 жылғы 19 маусымда қаланды». Сол күні су құятын бөгетке алғашқы бетон құйыла бастады.

- 1957 жылдың 29 қыркүйегінде бірінші кезектегі бөгеттің тұсында су құятын бөгеттің котлованы суға толтырылды. Ертіс енді бөгеттің төбесі арқылы жаңа арнамен аға бастады. Ал 10 қазанда сағат 15:30-да 25 тонналық самосвал жүргізушісі Василий Полозков өзенге соңғы текше метр топырақты төкті. Ертіс мәңгіге бөгелді. Бұл күн тек СЭС-тің ғана емес, бүкіл Ертіс гидроэнергетикасының шежіресіне енді, - дейді архив материалдарын ақтарған Галина Самохвал.

1960 жылдың 14 тамызында, яғни Құрылысшылар күні, СЭС-тің алғашқы агрегаты өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Бұл күн Бұқтырма СЭС-інің туған күні болып саналады.

Өз уақытынан озық әдіс

Музей қорында академик Шапық Шөкин атындағы ҚазҒЗИИ-дің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Ахмедовтің мақаласы да бар. Онда Бұқтырма СЭС-і құрылысындағы басты жаңалықтардың бірі - «қатты бетонды» пайдалану туралы егжей-тегжейлі жазылған. Бұл әдістің авторы - инженер Михаил Инюшин. Ол бұл жаңалығымен әлемдік гидроэнергетиканы ондаған жылға алға оздырған.

- 1959 жылдың наурыз айында Серебрянскіде өткен Бүкілодақтық кеңесте Михаил Инюшин бөгеттерді бетондау әдісін ұсынды. Ол - цементі аз, қатты бетонды қолдану болатын. Мұндай бетон жоғары температура кезінде пайда болатын жарықтардан қорғайтын. Өйткені бетон қатқан кезде температурасы 30 градусқа дейін көтеріледі, кейін қоршаған ортаның температурасына дейін салқындайды. Ал Серебрянскіде ол -4 градус, - деп жазады профессор.

Бұл нағыз серпіліс болып, цемент шығыны 35% дейін қысқарды, бетон тез қатып, температура бірқалыпты таралды. Алайда бұл бетонды төсеу үшін қуатты техникалар керек еді, ал ол кезде ондай машиналар жоқ болатын.

Дегенмен СЭС құрылысында П.А. Луть, М.М. Соболев, Т. Аспандияров сияқты білікті инженерлер еңбек етті. Олар бар техниканың негізінде арнайы механизмдер жасап, бетонды төсеуге мүмкіндік берді. Мысалы, бетонды арнайы ДТ-54 тракторына орнатылған вибраторлармен тегістеп, нығыздады. Қылышын сүйреген қыстың -45 градус суығында да құрылыс тоқтаған жоқ. Температуралық режимді сақтау үшін арнайы жылжымалы шатырлар қолданылды.

Фото: Бұқтырма СЭС құрылысының жалпы көрінісі. 24.03.1959.Будневич И.

1958 жылы бетон құю көлемі 16 мың текше метр болса, 1960 жылы ол 260 мыңнан асты. Бүгінде бетон төсеудің бұл әдісі бүкіл әлемде кең таралған RCC (Roller Compacted Concrete) технологиясының алғашқы нұсқасы ретінде танылған. Бұл әдіс алғаш рет Жапонияда 20 жылдан кейін қолданылғанымен, оның отаны - Серебрянка екені бүгінде нақты дәлелденген.

Су астында қалған ауыл

Құрылыстың жылдам қарқын алуына байланысты өңірде су қоймасын толтыру жұмыстары да басталды. 1960 жылдың 19 сәуірінде су толтыру процесі басталып, бір айдан кейін оның көлемі алғашқы бір миллиард текше метр суға жетті.

Нәтижесінде 50-ден астам колхоз, бір ірі совхоз және 10 мың гектардан астам орман су астында қалды. 27 мың адамға қоныс аудару қажет болды. Олардың арасында күршімдік Қабдікәрім Нұрсадықовтың отбасы да бар-тұғын. Олар ол кезде Қосағаш колхозында өмір сүрген.

- Қосағаш үлкен ауыл еді. Мал шаруашылығымен айналыстық, ірі қара өсірдік, егін ектік. Өзіміздің айлағымыз, тіпті май зауытымыз болды. Әкем ірі қара фермасын басқарды. Ауыл жоғарғы және төменгі Қосaғаш болып екіге бөлінетін. 1957 жылы ауылымыз су астында қалатыны белгілі болды. Сол кезде көршілес ауылдар – Дінгек, Қамысты да сол жағдайға түсті. Мен мектепті бітіріп, Семейдегі Зооветинститутқа түскен кезім. Сол жылы бүкіл ауылымыз Күршімге жақын маңдағы Тастоғанға көшірілді. Ол Күршімнен небәрі 5 шақырым жерде орналасқан, – деп еске алды Қабдікәрім ата.

Қазір ол 86 жаста. Бірақ туған жерін әлі күнге дейін ұмытпаған. Оның айтуынша, Тастоған бұрынғы Қосағашпен салыстырғанда шағын ауыл болды. Мектеп жетіспеген соң, кеңейтуге тура келіпті. Ал Қосағаштағы мектеп үлкен, темір шатырлы еді – ол заманда бұл үлкен жетістік еді.

Фото: Болашақ Бұқтырма теңізінің түбінде. 1957

- Қазіргі Құйған ауылының тұрғындары да сонда қоныс аударды. Оларды жай ғана тауға қарай жоғарырақ жерге көшірді. Бірақ мемлекет тұрғындарға дайын үй берген жоқ. Халық «асарлатып», яғни бірігіп, өз күштерімен үй тұрғызды. Осылайша ауылымыз жойылып, Бұқтырма су қоймасының астында қалды, - деп сөзін түйіндеді қария.

Орталық Азиядағы ең ірі су қоймасы

Қазір Бұқтырма су қоймасы Орталық Азиядағы ең үлкен болып саналады. Оның жалпы ауданы - 5 490 шаршы шақырым, тереңдігі - 60 метрге дейін жетеді.

Бұл жасанды қойма өңірдің туризмін дамытуға түрткі болды: демалыс базалары, санаторийлер, рекреациялық аймақтар ашылды. Дегенмен оның басты мақсаты - Бұқтырма СЭС-інің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету еді.

Бұқтырма СЭС-і толықтай 1968 жылдың 12 тамызында пайдалануға берілді. Станция Шығыс Қазақстанның энергетикалық картасын түбегейлі өзгертті: өнеркәсіпті сенімді электр қуатымен қамтамасыз етті, кеме қатынасының жағдайын жақсартты, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік берді.

Кемелердің өтуі үшін мұнда төрт камералы шлюз, жоғарғы және төменгі арналар, қабырғалық айлақтар, тоннель түріндегі су ағызғыштар салынды. Бұл инженерлік шешім 500 шақырымға дейінгі терең кеме жүретін жол ашты.

Станция іске қосылған сәттен бері 111,5 миллиард кВт/сағаттан астам электр энергиясын өндірді. СЭС толығымен автоматтандырылған, қазіргі заманғы турбиналық жабдықтармен жабдықталған. Сегіз агрегатта радиалды-осьтік турбиналар болса, жетінші агрегат сол кезең үшін ерекше диагональді турбинамен жабдықталған. Бұл технология КСРО-да алғаш рет қолданылды.

Сонымен қатар екі жақтан су алатын спиральды камерамен жабдықталған турбина пайдалануға берілді. Бұл гидроэнергетикадағы маңызды технологиялық жаңалық болды.

Фото: Бұқтырма теңізінің көрінісі. 1960.Сальников Ф.

1997 жылы СЭС «Казцинк» ЖШС-іне жалға берілді. Осы кезден бастап ауқымды техникалық жаңғырту, қайта жаңарту жұмыстары басталды.

- Бұқтырма СЭС-і туралы айтқанда, «ең» деген сөз жиі қолданылады. Бұл - Қазақстандағы ең қуатты су электр станциясы. Ол құрылысы кезінде-ақ ерекше нысан болды. Себебі мұнда КСРО-да алғаш рет «қатты бетон» технологиясы қолданылды. Ол шын мәнінде өте берік болып шықты. 2002 жылы 60 түрлі нүктеден бетон сынамалары алынып, екі тәуелсіз зертханаға жіберілді. Зерттеу нәтижесінде бетонның беріктігі құрылыс кезіндегі көрсеткіштен де жоғары екені дәлелденді. Сондықтан Бұқтырма бөгеті – әлемдегі ең мықты бөгет деп танылды, – дейді Галина Самохвал.

Еске салсақ, осыған дейін Түрксіб — өңірге жан бітірген магистраль екендігі жайлы жазғанбыз.