ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында қызыл су жүріп, «Қызыл ту» мұзды өткелі жабылды.
ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 13 наурыз күні ауа райының күрт жылынып, сілбі қар жаууына орай Бұқтырма су қоймасының мұзы ыдырап, қызыл су жүріп кетті.
«Осыған байланысты су қоймасы арқылы өтетін «Қызыл ту» мұзды өткелі барлық көлік түрі үшін жабылды. Мұзбен өту аса қауіпті. Сол үшін көлік жүргізушілерінен өзінің және жолаушылардың өміріне қауіп төндірмес үшін өткелмен жүруден аулақ болуға шақырамыз», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде өзенде мұз кептеліп, 20 саяжайдың ауласын су басқаны хабарланған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.