Бұқтырма су қоймасы тарихында су ағынының ең жоғары көлемі тіркеліп отыр - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертіс өзеніндегі мөлшерден тыс су ағыны Қытай аумағындағы Қара Ертіс өзені мен республикамыздың аумағында еріген қар мен жаңбыр суының айтарлықтай көп болуына байланысты орын алып отыр.

Мәселен, «Қазгидромет» мамыр айында Бұқтырма су қоймасына келетін су ағынын маусым айында 1500-1900 текшеметір  шегінде болжаған еді. Алайда, 2016 жылғы 16 маусымда Бұқтырма су қоймасындағы су ағыны 3640 текшеметрді құрады және бұл тарихтағы ең жоғарғы деңгейді білдіреді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінен хабарланды.

«Соңғы 48 жылғы бақылау бойынша су қоймасына негізінен маусым айларында түсетін су көлемі орташа алғанда 3,8 млрд. текшені құрап келген болатын. Алайда, 2016 жылдың маусым айында су қоймасындағы су көлемі 7,82 млрд. текшеге жетті. Бұл осы 48 жыл бойынша маусым айындағы орташа көрсеткіштен 4,0 млрд.текшеге артық. Сонымен қатар, 2015 жылғы маусымнан 2016 жылғы маусым аралығындағы кезеңде Бұқтырма су қоймасынан су өткізу көп жылдық кезеңнің ең жоғары деңгейіне жетті», - делінген баспасөз баянында.

Комитеттің мәліметіне қарағанда, көпжылдық бақылаулар ескеріле отырып, Бұқтырма су қоймасына құйылған айтарлықтай жоғарғы су көлеміне байланысты маусым айында Бұқтырма және Шүлбі су қоймаларынан жоғары деңгейдегі су өткізу жүргізілді.

«Бұл шешім Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, төтенше жағдайлар департаменті, сондай-ақ Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі су қоймаларының басшыларымен бірлесіп қабылданды. Қабылданған шешім туралы Павлодар облысының әкімдігі мен Ресей тарапының мүдделі органдары уақытылы хабардар етілді», - делінген баспасөз баянында.

 

фото: komanda-k.ru