Бұқтырма су қоймасындағы қайғылы жағдайдан соң қауіпті жерлерге күзет қойыла бастады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында көлік мұз астына кетіп, әйел адам көз жұмған учаскеде полицейлер кезекшілік етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД мәліметінше, Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасында көлік жүргізушілеріне мұз үстімен жүруге тыйым салынған. Алайда бұл ескертуді елемейтіндер де бар.

«Мұз үстінде көліктердің қозғалысына тосқауыл қою үшін тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлық бекет қойылды. Онда полиция қызметкерлері кезекшілік етуде», - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, ШҚО-да 6 желтоқсан күні сағат 19.40 кезінде 5 адам отырған көлік мұз астына құлаған.

Төртеуі көліктен шығып үлгеріп, 72 жастағы әйел суға батып кеткен еді. Алайда әйелдің денесі бірден табылмады.

Сүңгуірлерге ауаның төмен температурасы мен су астындағы қараңғылық қиындық келтірген.

8 желтоқсанда түскі уақытта әйелдің денесі табылды. Барлығы 9 рет су астына түсу жұмыстары жүргізілді.

ШҚО Полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаған.