Бұқтырмада қайықпен жағаға жете алмай қалған балықшыларға құтқарушылар көмекке келді

Фото: Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасына қайықпен шығып, жағаға жете алмай қалған балықшыларарға құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушыларға Славянка ауылы маңындағы Бұқтырма су қоймасында резеңке қайықпен балық аулауға шыққан адамдарды қатты жел жағадан алып кеткені туралы хабар түсті.

«Олар моторлы қайықпен шұғыл түрде қиын жағдайға тап болғандарды іздеуге шығып, балық аулауға шыққан жерден 4 шақырым жерден тауып алды. Зардап шеккен ешкім жоқ. Балықшылар өз қайықтарына отырғызылып, жағаға жеткізілді», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, облыстық ТЖД балықшыларға еске салады:

- Резеңке қайықтарды жағадан алыс жерге бекітуге болмайды. Тіпті орташа толқын болған кезде балық аулауды тоқтатып, жағаға оралу керек.

- Қайықпен балық аулауға барған адам жүзе білуі керек.

- Суға шықпас бұрын қайықтың жағдайын мұқият тексеріп, оның тесік еместігіне көз жеткізіңіз.

- Ең бастысы, құтқару кеудешесін киіңіз. Қараңғы уақытта және дауыл туралы ескерту жариялаған кезде қайықпен су бетіне шықпаңыз!