ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында орналасқан аралда өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
фото: ШҚО ТЖД
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданы Октябрьский кентіндегі Бұқтырма су қоймасының Гусиный аралында өрт болды.
Оқиға орнына жету үшін өрт сөндірушілерге суда қайықпен жүзіп баруға тура келді. Қызыл жалын шөп пен қамысты шарпыған.
«Сол жерге жеткен №20 өрт сөндіру бөлімшесінің және № 8 құтқару бөлімшесінің қызметкерлері отпен күреске кірісті. Көп ұзамай жалпы ауданы 6 гектарды құраған тілсіз жау толықтай ауыздықталды», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, өртті өшіруге барлығы 6 адам жұмылдырылған.
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.