Тоқаев балалардың тамақтан жаппай улану деректері жайлы: Бұл — әбден ұят нәрсе

Фото: Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент облыстың денсаулық сақтау жүйесінде кемшіліктер бар екенін айтты.

— Соңғы жылдары аймақта нәрестелердің өлімі азайып келеді. Бірақ елдегі жағдаймен салыстырсақ, бұл көрсеткіш бәрібір жоғары; Қазақстан бойынша — 6,01. Аймақта қатерлі ісік дертіне шалдығу және одан көз жұму деректері азайған. Онкологиялық ауруын асқындырып алған адамдар әлі де көп. Облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді, — деді ол.

Фото: Ақорда

Тоқаев балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұрғанын алға тартты. Оның сөзінше, бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді.

— Білім беру мекемелерінде болып жатқан келеңсіз оқиғаларды айтпай кетуге болмайды. Балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұр. Бұл — әбден ұят нәрсе. Былтыр 400-ден астам бала, биыл 42 бала зардап шеккен. Бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді. Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Білім беру мекемелері қызмет көрсететін ұйымдармен сапалы әрі нақты жұмыс жүргізуі керек. Әкімдік осындай өрескел жағдайларға мүлде жол бермеуге тиіс. Жалпы әлеуметтік саланың маңызы айрықша. Себебі, біз — әлеуметтік елміз, — деді Мемлекет басшысы.

Фото: Ақорда

Президент қандай жағдай болса да, мемлекетіміз тиісті әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынын айтты. Дегенмен әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтын адамдар аз емес.

— Мұқтаж жандардың бәріне қажетті көмек көрсетіледі. Әлемде мұндай тәжірибе сирек кездеседі. Бірақ біз үшін бұл — мызғымас ұстаным. Сондай-ақ мәселенің екінші жағы бар. Әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындар аз емес. Тіпті әлеуметтік алаяқтық пайда болды деп айтуға болады. Ондай алаяқтар мемлекетке де, қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, әлеуметтік қолдау жүйесін мұқият зерделеу керек. Облыс әкімі сирек кездесетін металдардың көзін ашу үшін геологиялық барлауды белсенді түрде жүргізу керек деп ұсыныс айтты. Қолдаймын. Үкімет бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі қажет. Осымен күн тәртібіндегі мәселенің бәрін қарадық. Барлық тапсырмалар уақтылы орындалуға тиіс. Әр мәселе менің жеке бақылауымда болады. Тағы да айтайын, еліміздің болашағы тек өзіміздің қолымызда. Сырттан біреу келіп, бізге өз жұмысымызды істеп бермейді. Бұл — Маңғыстау облысына тікелей қатысты сөз, — деді Тоқаев.

Сөз соңында Президент қазақстандықтарға үш талап қоятынын айтып өтті.

— Қорыта айтқанда, бірінші талабым — бәріміз адал жұмыс істеуіміз керек. Екінші талабым — бәріміз озық ойлы болуымыз қажет. Үшінші талабым — жастарымызға дұрыс білім мен тәрбие беріп, оларға жол ашуымыз керек. Ал Маңғыстау облысына келсек, біз бұл аймақты жедел дамудың үлгісі ретінде көрсетуіміз керек. Облыстың әлеуеті зор. Соны тиімді пайдаланбасақ, бәрімізге кешірілмес күнә болады. Рақмет, баршаңызға, — деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Ақорда

Жиында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Премьер-министрдің орынбасарлары Қанат Бозымбаев пен Ермек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов баяндама жасады.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды.

Тоқаев Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуі — Үкіметтің өрескел олқылығы екенін айтты.

Сондай-ақ Президент Ақтау су құбыры желісінің тозуына байланысты судың 16 пайызы ысырап болып жатқанын атап өтті.