Бұл байқау озсаң да мәртебе, қалсаң да мәртебе - Төлен Әбдік

АСТАНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма  театрында «Абай оқулары» республикалық байқауы аяқталды.

Байқау қорытындысын жариялауға шыққан қазылар алқасының төрағасы Төлен Әбдік қатысушыларға рыйзашылығын білдіре келіп, «менің бір ағам айтушы еді «Адалдықтың бәйгесіне атыңды қос, озсаң да олжалысың, қалсаңда олжалысың», деп. Сол айтпақшы бұл байқау озсаң да мәртебе, қалсаң да мәртебе», деді.

Сонымен байқау қорытындысы бойынша бірнеше қатысушы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Абай оқулары» байқауларына белсенді қатысқан үшін» алғысхатымен, ынталандыру дипломымен марапатталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша үшінші орын қарағандылық Алексей Коньковқа,   екінші орын шығысқазақстандық Кристина Семеноваға, бірінші орын ақмолалық Сабина Абзалиутдиноваға бұйырды. Ал байқаудың бас жүлдесі мен сұйық кристалды теледидарды павлодарлық  Тайса Страдаева иеленді.  Осы орайда, жүктілігіне қарамастан байқауға қатысып, бас жүлдені иеленген Т.Страдаеваға қазылар алқасының мүшесі Т.Жұртбай «аман-есен қол-аяғыңды бауырың алып, бақытты ана болуыңа тілектеспін», деді.

Байқау соңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Нұртазин «Жастарымыздың арасында жылдан-жылға тіл мәселесіне, әсіресе қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде игерейік деген мәселеге байланысты үлкен қозғалыс, үлкен өзгеріс бар. Әркім әртүрлі сын айтуы, концерт неге қоймады деуі мүмкін. Бірақ, негізгі мақсат ол емес. Біз айқай-шумен, шоу ұйымдастырумен, дақпырты мол концерт өткізумен тіл мәселесін көркейте алмаймыз. Дегенмен мұндай шараларды керегі жоқ деуге болмайды. Бірақ,  негізінен  ой салатын осындай байқаулар өткізген орынды», деді.