Бұл емдеу үрдісі, құрылыс және менеджментегі әлемдегі ең жоғарғы саты - Алматы қаласы әкімінің орынбасары

Ы. Қазанның 12-cі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - КСРО-ның 50 жылдығында ашылған бұл тарихи шипахана өз кезегінде сол елдің ең жоғарғы жетістігі болатын. Бұл туралы бүгін Алматыдағы "Алматы" сауықтыру СПА курортының ашылу рәсімінде айтылды.

"Өздеріңізге белгілі Іле Алатауы бөктерінде орналасқан демалыс орны 40 жыл бойы халыққа қызмет көрсетіп келеді. ТМД мемлекеттеріне әйгілі кешен мәдениет, ғылым, саясаткерлер мен өнер саласы қызметкерлерінің денсаулықтарын түзеуге ықпал етуде. Елбасы бастауымен 2,5 жылда күрделі жөндеуден өткен кешеннің аумағы бүгінде 40 мың шаршы метрге ұлғайды. Бұл жерде емделу, демалу, сауықтыру шараларымен қатар ресми кездесулер өткізуге мүмкіндік қарастырылған", - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Аңсар Мұсаханұлы Мұсаханов.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов: "КСРО-ның 50 жылдығында ашылған тарихи шипахана өз кезегінде сол елдің ең жоғарғы жетістігі еді. Оған енді қазір қарасаңыздар біздің елдің қандай биікке көтерілгенін көруге болады. Әр қадаммен еліміз жаңа сатыға көтеріліп келе жатыр. Бұл шипахана жаңа саты, жаңа деңгей. Бұл емдеу үрдісінде де, құрылыста та, менеджментте де әлемдегі ең жоғарғы саты", - деді. Серік Тұрарұлының айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін өз есігін емделушілерге қайта ашқан шипахананың алғашқы келушілері өмірін өз Отанының гүлденіп, көркеюіне арнаған және олардың есімін елі мақтан тұтатын қайраткерлер болып отыр. Жаңарып, жасарған бұл нысанда негізгі 4 жәйтті ерекше атап өтуге болады. Біріншісі, оның ауқымы 2 еседей ұлғайды. Екінші, медициналық ең жоғарғы жетістік болатын озық құрал-жабдықтармен жабдықталды. Үшінші, орналасқан жері мен ондағы емдік судың мүмкіндіктері. Төртінші, оны адамдардың игілігіне ұсынуды ұйымдастыру менеджментінің ерекшелігі.