Бапкердің айтуынша, оның ойыншылары — Темірлан Анарбеков, Дастан Сатпаев және Дамир Қасабулат — өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындап, сенімді ойын көрсетті.
— Анарбеков өте сенімді ойнады, бірнеше сәтте құтқарып қалды. Гол соғылған эпизодта да әрекет етті, бірақ, өкінішке қарай, допты қайтадан соғып үлгерді, — деді Уразбахтин.
Оның айтуынша, Қасабулат та жоғары деңгейде ойнап, жан-жақты ойын үлгісін көрсетті.
Сондай-ақ бапкер жартылай қорғаушы Тапаловтың тізесінен аздаған жарақат алғанын, алайда алдағы матчтарда командаға көмектесе алатынын айтты.
— Ол «Спортингке» қарсы матчқа дейін толық жазылып үлгереді деп ойлаймын. Тіпті Бельгиямен болатын ойынға да дайын болуы мүмкін, — деді ол.
«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы алдағы ойыны туралы айта келе, Уразбахтин мадридтік «Реалмен» болатын кездесуді ерекше оқиға деп атады.
— Мүмкін, оларды көзбе-көз көрген кезде ғана бұл шындық екенін түсінетін шығармыз. Қазір бәрі ертегі сияқты сезіледі, — деді ол.
Уразбахтиннің айтуынша, клубтың топтық кезеңдегі басты мақсаты — Қазақстанды лайықты деңгейде таныту және әр матчқа барынша дайын болу.
Еске салайық, бүгін Қазақстан құрамасы Уэльс командасынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Бұған дейін ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев жеңіліс себебін түсіндірген болатын.
Қазақстан құрамасы келесі ойынын 7 қыркүйекте Брюссельде Бельгияға қарсы өткізеді.
Бұдан бұрын Алматы полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын алдағы өтетін Қайрат — Реал Мадрид футбол матчына билет сатып алу кезінде сақ болуға үндеді.