Бұл қасіреті мен қайғысы көп соғыс болды - майдангер барлаушы Қамбар Сәрсен
«Соғыс және тылдағы еңбек ардагерлерінің Ұлы жеңіске қосқан үлесі бірдей. Оны бөліп-жаруға болмайды. Біз артымыздағы күшті сезініп, соның арқасында ғана жауды жеңдік. Мен 1942 жылдан бастап бірінші, екінші Прибалтика және үшінші Беларус майдандарында соғысқа қатыстым. Үш рет жараланып, 1945 жылы соғыс біткен соң елге қайттым», - дейді Қамбар Сәрсен. Майданда 51-ші атқыштар дивизиясының 30-шы барлау ротасында барлаушы болған қарт майдангердің айтуынша, 1945 жылы жау берілгеннен кейін олар Польшада ұлтшылдармен мамыр-маусым айларында 2 ай соғыс жүргізген. Соғысты Жеңіспен аяқтап, енді аз күнде үйге ораламыз деп жүрген бірқатар майдандастары осы кезеңде оққа ұшқан көрінеді. «Соғыс тауқыметін енді бүгінгі ұрпақ көрмесе екен. Ол бізбен бірге жойылса деп тілеймін. Мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Өйткені елім азат, ұрпағым бейбіт кезеңде өмір сүріп жатыр», - дейді ұл-қызынан немере сүйіп отырған ардагер.