Дүйсенбі күні Израиль парламентінде сөйлеген сөзінде Нетаньяху зымыран Рафахқа атылған кезде «қайғылы қателік жіберілгенін» мойындады, деп жазады Америка даусы.
Ол нақты қандай қателік болғанын айтпады, бірақ жағдай тексеріліп жатқанын хабарлады.
«Бейбіт тұрғындарға зиян келтірмеуге тырысқанымызға қарамастан, кеше түнде қайғылы қателік болды. Жағдайды тексеріп, қорытынды жасаймыз. Бұл біздің саясатымыз», – деді Нетаньяху.
Сол кезде 27 мамырға қараған түні зымыран шабуылынан босқындар тұрған шатырлардың өртенгенін көрсететін кадрлар тарап кеткен. Кейін ЦАХАЛ бұл соққының ХАМАС нысанасы екендігі туралы және нақты барлау мәліметтеріне негізделгенін мәлімдеді.
Ол сондай-ақ соққының бейбіт тұрғындарға зиянын тигізбегенін, керісінше ХАМАС-тың жоғары шенді екі сарбазының қаза тапқанын айтты. Бірақ бейбіт тұрғындардың өлімін көрсететін кадрлар жарияланып, халықаралық қауымдастық соққыны айыптағаннан кейін Израиль әскерилері тергеуді бастағанын хабарлады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі сейсенбі күні Израильдің Рафах қаласына жасаған қанды әуе шабуылынан кейін шұғыл жиын өткізді. Жабық есік жағдайында өткен кездесуді қауіпсіздік кеңесінің уақытша мүшесі Алжир шақырды.