Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеден одағы жоғары органының, ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің отырыстарына қатысу үшін Мәскеу қаласына келді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Экономикалық қоғамдастық екінші кезеңге аяқ басты» деген тақырыппен көлемді мақала басылды. Басылымның жазуынша, Кеден одағы жоғары органы отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан, Беларус және Ресей арасында Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы декларация қабылданған. «Біз Біртұтас экономикалық кеңістік 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енетінін бекіттік және оған басқа елдердің де енуіне жол аштық. Ол бізді Еуразиялық экономикалық одақ құруға жақындата түседі», - деп атап көрсеткен осы мәселеге байланысты ҚР Президенті Н. Назарбаев. Сондай-ақ аталмыш мақалада ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің отырысы жайында да жазылған.
«Егемен Қазақстан» газетінің «Ғылым және тағлым» айдарында ҚР Білім жіне ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың «Елдің интеллектісін дамытудың басты векторы» деген мақаласы жарық көрді. Мақаласында қазіргі уақытта білім беруге жұмсалатын шығындарды әлеуметтік қажеттіліктерге көзделген шығындар ретінде емес, экономикаға салынған инвестициялар деп қабылдау қажеттігін баса айтқан министр қазақстандық қоғамның Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламаның лайықты іске асырылуынан зор үміт күтетіндігін жеткізген. «Бұл бағдарламаны білім берудің сапасын, мазмұнын, құрылымын, қаржы-экономикалық және басқару тетіктерін жаңарту жолында іске асырылатын күрделі шаралар кешені деп қарастырсақ қателеспейміз», - дейді Б. Жұмағұлов мақаласында.
***
Кеше Мәжілісте «Білікті заңгерлік көмекке құқық және адвокатураның тәуелсіздігі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтіп, азаматтардың білікті заңгерлік көмекті тегін алуына кепілдік беруге бағытталған заң жобасы талқыға түскен болатын. «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, депутаттардың алдында әзірлеуші тарап - Әділет министрлігі мен Адвокаттар одағы біршама «қырқысып» қалыпты. «Жиын негізінен талқылау форматында ұйымдастырылғандықтан, заң жобасын әзірлеуші тарап пен құжаттың бірқатар нормасына қарсы шыққан адвокаттар қауымдастығы өз уәждерін барынша салмақты етуге тырысып баққанға ұқсайды. Оның себебі де түсінікті, қайсы норма болмасын Мәжіліс депутаттарының «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болатын түрі бар. Өйткені, заңның түпкі нұсқасын да қабылдайтын солар. Сондықтан қос тарап та шынайы әрі ашық пікірталасқа мүдделік танытты», деп жазады басылым. Басылымның жұма күнгі нөмірінде жарық көрген мақаланың байыбына, сондай-ақ адвокаттардың заң жобасының кейбір тұстарына келіспей, өздерінің тәуелсіздігін қорғау бағытында айтқан уәждеріне қаныққыңыз келсе, «Адвокаттар өз тәуелсіздіктері үшін күресіп жатыр» деген мақалаға назар салыңыз.
Осы басылымда жарық көрген «ДСҰ-ға кіруге санитарларымыз құлшынып отыр» деген келесі мақалаға елордада өткен тамақ өнімінің қауіпсіздігі және ДСҰ-ға кіруге дайындық жөніндегі кеңес отырысы арқау болған. Басылымның атап өтуінше, Астана қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері ДСҰ-ға Қазақстан бүгін кірсе де дайынбыз деп отырған көрінеді. «Қазіргі кезде біздің санитарлық қызметкерлер барлық жағынан даяр. Біз ТМД елдері ішінде бұл салада оқ бойы озық тұрмыз. Себебі, біздің мамандарға мемлекет біліктілігін арттыруға жағдай жасап отыр. Ал ол елдерде біздікіндей санитарлық оқу, білімін арттыру дегендей жоқ. Бізде базалық негіз жақсы қаланған», дейді ол. Оның айтуынша, еліміздегі зертханалар да өте жақсы жабдықталған. «Гендік модификацияланған тағамдарды, тіпті Қытайдың меламинмен уланған сүттерін де анықтайтын жабдықтарымыз бар. Біз қазір зертханаларымыз күшейттік. Кейбір облыстарға сол үшін 150 миллион теңге қаржы бөлінді», - дейді ол.
***
«Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) Ақмола облыстық департаменті Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің Ақмола облыстық департаменті бастығының үстінен, «мемлекет қаржысын жымқырды» деген күдікпен қылмыстық іс қозғады», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Атқамінерлерге айып тағылды» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы биыл жазда Бурабай ауданында өрт депосындағы құрылыс жұмыстарын қабылдап алу кезінде 89 млн. теңгелік жұмыстар актісіне қол қойған екен. Қазір осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 176-бабы 3-бөлімі бойынша (сеніп тапсырылған өзгенің аса ірі көлемдегі мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу) қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ Атырау облысында да лауазымды шенеунік күдікпен уақытша қамауға алынған көрінеді. Әділет министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Атырау облыстық департамент бастығы Марат Дәулетовке «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды» деген күдік келтіріліп отыр.
7-қысқы Азия ойындарының ресми әнұранын анықтау мақсатында жарияланған байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздың есімі салтанатты түрде жарияланғанынан жұртшылық хабардар. Бүкілхалықтық таңдау нәтижесінде 49,5 пайыз дауыс алған көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиев пен белгілі ақын Өтеген Оралбаевтың "Азиада алауы" атты әні Азиаданың гимні болып ресми түрде бекітілген. Осыған орай «Айқын» газеті мәтін авторы, белгілі ақын Өтеген Оралбаевтан алынған шұғыл сұхбатты «Бұл - қазақ журналистерінің жеңісі!» деген тақырыппен жариялады. «Бәріңіз білесіздер, байқаудың ережесі бойынша әу баста "Азиада әнұраны үш тілде орындалады" деген жоспар болған. Оған қазақтілді журналистер араласып, дүр сілкініп, бірауыздан қарсы пікірлерін білдірді. Осы тұста олардың азаматтық, қайраткерлік, ұлттық позициялары қатты көрінді. Сондықтан әнұранның мемлекеттік тілде орындалуына, қазақ әнінің таңдауға ие болуына қазақ журналистерінің үлкен үлесі бар. Байқаудың кемшілігін журналистер түзеді. Әнұранның мемлекеттік тілде орындалуы - қазақ журналистерінің жеңісі деп есептеуіміз керек. Менің мәтінімнің емес, қазақ әнінің жеңіске жеткеніне шексіз қуаныштымын», - дейді Ө.Оралбаев.
***
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың атына 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитінің 11 жылғы үзілістен кейін алғаш рет жоғары деңгейде өтуіне байланысты еліміздің жұртшылығынан, студенттер мен жоғары оқу орындарының ұжымынан, еңбек ұжымдарынан, еңбек және соғыс ардагерлері ұйымдарынан, әкімдер мен елшілерден, сондай-ақ зиялы қауым өкілдерінен құттықтау хаттары мен жеделхаттары келіп түсуде. Осыған орай «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі нөмірінде солардың бірпарасы жарық көрген. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Бектаев хатында: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан үшін аса жауапты болған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық міндетті және ЕҚЫҰ-ның саммитін үлкен абыроймен атқарғаныңыз үшін ауданның ардагерлер кеңесі атынан шын жүректен құттықтаймын! Осы ауқымды істері арқылы Қазақстан әлем елдері алдында өзінің абыройын арттырып, беделінің жоғары екендігін тағы да бір рет танытты», деп Елбасының ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізудегі тарихи рөліне зор маңыз береді. Ал Ақтөбе облысы жұртшылығы атынан келген хатта: «Тағдыр бізге қандай сынақты жіберсе де, Сіз Нұрсұлтан Әбішұлы, тәуелсіздіктің туын жоғары көтердіңіз. Шынайы Ұлт Лидері екеніңізді көрсеттіңіз. Сондықтан да әлемнің барлық елінің мемлекет басшылары Сарыарқа төсінде, Ұлы Жібек Жолы бойында, Еуразияның жүрегінде - Астанада жаһандық проблемаларды нақты шешу үшін бас қосты. Бүгінгі Қазақстан өз тарихының жаңа беттерін ашуда. Біз, Қазақстан халқы, еліміздің болашақ ұрпақтары бұл тарихты мақтан тұтатын болады. Біз Тәуелсіз Қазақстанды, оның халқының бірлігін нығайтуға және барлық азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған Сіздің дана және көреген саясатыңызды әрдайым қолдай береміз», делінген.