Бұл күні ғалым Әуелбек Қоңыратбаев дүниеге келген

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 111 жыл бұрын (1905-1986) филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ағарту ісінің үздік қызметкері Қоңыратбаев Әуелбек дүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Ташкент педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасын бітірген.

1921 жылы Ә.Диваевтың фольклор экспедициясына қатысқан. 1922-1924 жылдары Ташкенттегі алғашқы комсомол газеті «Жас қайратты» шығаруға атсалысты. 1925 жылы Қызылордада «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істейді. Астана Алматыға көшкенде, Қызылорда округтік ауаткомының жауапты хатшысы болады. 1929 жылы «Сыр бойы» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі, «Екпінді балықшы» газетінің редакторы, 1930 жылы Алматыға оралып, республикалық «Колхоз» газетінің редакторы болады. 1932-1934 жылдары Мәскеу Комвузында оқиды. 1934-1937 жылдары аралығында БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінің аппаратында нұсқаушы болып қызмет атқарады. 1944-1948 жылдары Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істей жүріп, бірқатар фольклорлық экспедицияларды басқарады. 1945 жылы М.О.Әуезовтің басшылығымен А.Құнанбаев шығармаларының академиялық жинағын шығарысып, оның «түсініктемелер» бөлімін жазады. 1948 жылы М.Әуезовпен бірігіп «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының лиро-эпос бөлімін жазып шыққан. Бұдан кейінгі жылдары монографиясын, балаларға арналған поэма, әңгімелер жинағын, қазақ әдебиетін оқытудың әдістемелігін, оқулықтарын шығарды. «М.Әуезовтің типтендіру өнері», «Қазақ эпосы және оның түркология мәселелері» сияқты ғылыми еңбектер жазып, оғыз қыпшақ дәуірінен қалған «Қорқыт ата кітабын» қазақ тіліне аударды. 40-жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында, Қазақ мемлекеттік университетінде фольклордан дәріс оқыды. 1950 жылдан өмірінің соңына дейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының профессоры болды.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.