Бұл күні ҚР Халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев дүниеге келген
Ақтөбе облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
Ақтөбе педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі, Ақтөбе облысының «Социалистік жол», «Актюбинская правда» газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары, бас редактор, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақ радиосында бас редактор қызметтерін атқарған.
Алғашқы кітабы «Ар» деген атпен 1945 жылы жарық көрді. Кейін туған өлкенің шынайы өзгерістерін, замандастарының ақыл-парасатын, адамгершілік қасиетін жырлаған «Өлеңдер», «Аққу әні», «Ар ма, республикам», «Лирика», «Жыр жаһаны», «Гүлтолқын», «Саршатамыз», «Жыл құсы» атты лирикалық шығармалары жарық көрді.
Шаңғытбаев драматургия саласында да еңбек етіп, Қ.Байсейітовпен бірге «Беу, қыздар-ай», «Ой жігіттер-ай», Құтырғаннан құтылған» пьесаларын және «Алтын таулар», «Айсұлу» операларының либерттосын жазды. Ол - көптеген ән өлеңдерінің авторы. Сондай-ақ А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, М.Лермонтов, И.Гете, Р.Бернс лирикаларын, Омар Хаямның рубаяттарын, А.Горкийдің «Қыз бен ажал» поэмасын қазақ тіліне аударды.