Бұл мен үшін тарихи сәт - Өзбекстанда бірінші болып дауыс берген қазақстандық

  ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасындағы Қазақстан елшілігінде орналасқан референдум учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.  

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Ташкентте шет мемлекеттердегі ең ірі учаскелердің бірі орналасқан. Бүгінде мұнда Өзбекстанда тұрақты тұратын және уақытша жүрген 755 Қазақстан азаматы дауыс бермек.

Ең алғаш болып №431 учаскеде Жорабай Кучкаров өз таңдауын жасады. Ол конституциялық реформа ел үшін маңызды әрі жауапты сәт екенін атап өтті.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Мемлекет халықты қате жолға бастамайды. Еліміздің келешегі үшін таңдау жасадым. Мен үшін бұл тарихи сәт. Сондықтан алғашқылардың бірі болып өзімнің азаматтық ұстанымымды білдірдім, - деді Ж.Кучкаров.

Бірінші болып дауыс берген отандасымызға учаскелік рефрендум комиссиясының мүшелері естелік сыйлық табыстады.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Айта кетсек, Ташкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйде таңдау жасауы үшін дауыс беру жәшіктерін жеткізетін топтар жасақталған.

Еске салайық, Ташкент қаласындағы №431 референдум учаскесі Қазақстан Республикасының елшілгі ғимаратында (Абай көшесі, 1) орналасқан. Онда дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20:00-ге дейін жалғасады.