Бұл рақымшылық қоғам қауіпсіздігіне теріс әсер етпейді – Бас прокурор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар өмірінің қауіпсіздігі жыл сайын жақсарып келеді. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы отырыстағы талқылаулардан кейін палата депутаттары «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының жобасы мақұлданды.

«Қазіргі кезде барлық ақпарат ашық. Ақпаратты алу да, тарату да оңай. Әрбір қылмыс интернет арқылы дереу тарап, бүкіл республика талқылап жатады. Мұның барлығы бұрын жабық болды (кеңестік кезеңде), бұқаралық ақпарат құралдары тек жағымды ақпарат беретін. Ол кезде жұрт тіпті көрші кіреберісте не болып жатқанын білмейтін. Бір сөзбен айтсақ, қазақстандықтар өмірінің қауіпсіздігі жыл сайын жақсарып келеді»,-деп атап өтті Бас прокурор.

Ж. Асанов осы рақымшылықтың қылмыстық ахуалға әсеріне тоқталды.

«Бұл рақымшылық қоғам қауіпсіздігіне, қылмыстық ахуалға теріс әсер етпейді және оны айтуға бізде толық негіз бар. Өткені, ол қауіп төндірмейтіндерді, әлеуметтік әлсіздерді ғана жазадан босатады»,-деді ол.

Еске сала кетейік, Бас прокурор осы рақымшылық түрмедегілер санын азайтуды көздемейтінін мәлімдеді.

Сонымен қатар ол Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда қылмыстылық қаншалықты қысқарғанын егжей-тегжейлі баяндап берді.