Бұл Ротшильдтер мен Рокфеллердің мүйіздесуі ме? - баспасөзге шолу
***
Қазанның 14-і күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бокстан әлемнің XVII чемпионаты басталды. Бәсеке 26 қазанда мәреге жетеді. Осы біріншілікті қабылдау арқылы Қазақстан өзінің тарихында тұңғыш рет спорттың олимпиялық түрі бойынша жаһандық жарыс өткізу құқығына қол жеткізді. Мұның өзі қазіргі таңда республика бокс федерациясының халықаралық деңгейдегі зор беделі мен еліміз боксшыларының әлемдік деңгейдегі ең биік турнирлерде қол жеткізіп келе жатқан елеулі жетістіктерінің арқасында мүмкін болды. Бұл туралы бүгінгі санында «Егемен Қазақстан» жазып отыр.
Басылымның атап өтуінше, әуелгіде Алматыдағы чемпионатқа бұрын-соңды болмаған мөлшерде сайыскерлердің қатысқалы тұрғаны біраз әңгіменің дерегіне айналған. Сол тұстары айтылған цифрлар мұнда 116 елдің 576 спортшысы төңірегінен өрбіген. Расында да бұл көрсеткіш тіркелсе, осының алдында, 2011 жылы Бакуде өткен чемпионаттағы 113 елдің 570 боксшысы деңгейінен сәл де болса артықшылық танылып, жаңа рекорд дүниеге келген болар еді. Бірақ, жеме-жемге келгенде, көрсетілген көлемдегі нәтиже жүзеге аспай қалды. Нәтижесінде Алматыда 111 елдің 457 боксшысы медальдарды сарапқа салушылар қатарынан табылды.
«Алматыда өтіп жатқан әлем чемпионатының тағы бір ерекше аталып өтетін жайы, ол Қазақстан боксына 80 жыл толып отырған биылғы кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміздегі тұңғыш бокс секциясы бұдан тура 80 жыл бұрын, 1933 жылы тап осы Алматы қаласында өзінің іргесін көтеріп еді. Қазақ боксының шын мәніндегі атасы болып табылатын Шоқыр Бөлтекұлының арқалап келген қолғабының арқасында «Темп» деп аталатын спорт қоғамында бүр жарған сол шағын ұйым кейіндеу «Медик», «Динамо» болып кеңге қанатын жая бастады», дейді мақала авторы.
Арғы-бергі замандарды түгел сүзіп өткенде, Қазақстан боксшыларының Олимпиялық ойындарда 6 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль алғанына көз жеткізер едік. Әлем чемпионаттарында алған жүлделеріміз саны болса, 7 алтын, 8 күміс және 10 қола медальмен өлшенеді. Бастауын 1979 жылдан алған Әлем кубогы жолындағы сайыс осыдан бірнеше жыл бұрын командалық жарысқа ұласып кеткенге дейін біздің тарландарымыз 4 алтын, 4 күміс және 6 қола медаль алып үлгерді. Кешегі Одақ кезеңінде республиканың боксшылары 5 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль алып келді.
Еліміз егемендікке жеткен жылдардан бастап біздің бағландарымыз Азия құрлығының барлық сайыстарында дерлік атой сала бастады. Соның арқасында жиырма жылға жетпейтін уақыттың ішінде Қазақстан былғары қолғап шеберлері Азия ойындарында 10 рет топ жарып, 9 рет финалда шайқасса, 9 мәрте үшінші орынға көтерілді. Ал континент біріншілігіндегі табыстарымыз бұдан да зор. Оларда біздің сайыпқыран жігіттеріміз 35 алтын, 11 күміс және 16 қола медальды қоржынға салды.
2012 жылы үш ай бойы, яғни 12 мамыр мен 12 тамыз аралығында Оңтүстік Кореяның Есу қаласында ЭКСПО-2012 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрменің жалауы желбіреді. «Жанды мұхит және жағажай» тақырыбымен өткен бұл халықаралық көрменің Есу қаласында қоныс тебуі де кездейсоқ емес сияқты. Себебі, қаланың атауы «Е» - әдемі, «су» - су деген ұғымды білдіред, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Қазақстан және әлемдік көрмелер» атты мақаласында.
Мақала авторының жазуынша, Оңтүстік Кореяда өткен бұл Бүкіләлемдік көрменің шымылдығы 12 мамыр күні «О» әрпі түріндегі жарық - су - отшашу қондырғысының іске қосылуымен ашылды. Бұл қондырғы әлемдегі ең қымбат отшашу қондырғысы болып есептелінді. Оның құны, яғни «Big-O» қондырғысы 100 миллион еуроға бағаланған. Осыған байланысты Есу қаласындағы ЭКСПО-2012 көрмесінің ашылу салтанаты Олимпия ойындарының немесе футболдан әлем чемпионатының ашылуынан бірде кем болған жоқ.
ЭКСПО-2012 мамандандырылған көрмесіне дүниежүзінің 100-ден астам елдері мен халықаралық ұйымдары қатысты. Жалпы, 3 ай ішінде бұл көрмені 8 миллионнан астам адам тамашалады. Есу қаласындағы Бүкіләлемдік көрмені ұйымдастыру барысында корейлер төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген туристерді таңғалдырудың барлық мүмкіншіліктерін жасап бақты. Бұл ретте көрме шежіресінде ерекше есте қалатын нысан - 6400 тонна су сиятын ғажайып аквариум болды. Бұл аквариумға әлемнің 5 мұхитындағы балық түрлерінің барлығы бірдей жіберілген. Павильонның өзі жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты экологиялық таза ауамен толтырылған. Бұл ауа павильонда орнатылған бірнеше фильтрлер арқылы тазартылып тұрады. Бұл шаңырақ формасындағы Азия құрлығындағы бірінші, жалпы әлемдегі екінші аквариум болып танылды. Мұнда келушілер аквариумның астыңғы қабаты арқылы өтетін сансыз туннельдер арқылы жүріп, мұхит тұңғиығының тіршілігін тамашалады. Сонымен бірге, мұнда мұхит жағалауының жәндіктері, мәселен, оңтүстікафрикалық пингвиндер, оңтүстікамерикалық теңіз мысықтары, жоғалып бара жатқан ақ кит (белуга) және басқа да мұхитта мекендейтін жануарларды көруге болады.
Оңтүстік Кореяда өткен ЭКСПО-2012 мамандандырылған көрмесінде Қазақстан төртінші рет өзінің павильонын ашты. Қазақстан павильонының жалпы аумағы 774 шаршы метр алаңда қоныс тепті. Павильондағы экспозициялардың жалпы экспозициясы су тақырыбы шеңберіндегі еліміздің салт-дәстүрі, мәдениеті және ғылымы жетістіктерін насихаттады. «ЭКСПО-2012» көрмесінің жалауы желбіреген 93 күннің ішінде Қазақстан павильонын 400 мыңнан астам турист тамашалады, дейді басылым.
***
АҚШ Конгресі президент Барак Обама ұсынып, cенат мақұлдаған бюджет жобасын үш рет кері қайтарды. Соңғысынан кейін президент Барак Обама «енді мен бұл мәселелер жөнінде республикашылдармен келіссөзге бармаймын» деп салды. Бұл туралы «Айқын» газеті «Бұл Ротшильдтер мен Рокфеллердің мүйіздесуі ме?» деген мақаласында жазып отыр. Басылымның мәліметінше, бұл екі ортада ел үкіметі ақысыз демалысқа кетті. Сарапшылар ел үкіметінің жұмыс істемеуі тәулігіне 300 миллион доллар зиян келтіреді деп жатыр. Экономика министрі «егер мемлекеттік берешектің өскендігі заңдастырылмаса оның зардабына қарағанда 2008 жылғы дағдарыс жұмақтай көрінер» деп салды. Ал Халықаралық валюта қорының жетекшісі Кристин Лагард былай деді: «Тез арада АҚШ мемлекеттік берешегінің өскендігі заңдастырылмаса ел үкіметінің жұмысын тоқтатуынан да сорақы әлемдік апаттың болары ақиқат».
Қысқасы, АҚШ билігіндегі екі тіректің бір-бірімен келісе алмауы әлемдік жағдайдың шиеленісетіндігін қазірдің өзінде дәлелдеп болғандай. Өйткені мемлекет бюджеті бекітілмесе АҚШ өзінің «техникалық дефолт» жағдайында екенін жариялауы тиіс. Мұндай жағдайда бұл елдің қор биржасынан инвесторлар «қашып», құнды қағаздар бағасы күрт түседі. Банктердегі депозиттік салымдарын бұқара жаппай қайтарып алады. Қысқасы, үлкен сүргін басталады. Егер АҚШ құнды қағаздарына бір Қытайдың өзі 1,5 триллион доллар салып отырғанын ескерсек, онда алпауыт мемлекеттің мүлде ақшасыз қалуы ықтимал. Бұл АҚШ экономикасы қанынан айырылды деген сөз. Арғы жағы айтпаса да түсінікті.
Мәселе осындай дәрежеде шиеленіскен шақта әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылардың сан түрлі пікірі жарық көретіні және аян. Сондай көп пікірдің арасында назарды өзіне ерекше аудартқаны «бұл Ротшильдтер мен Рокфеллердің мүйіздесуі» деген пайымдау. Бұлар әлемдегі ең бай династиялар. Есептеушілер Ротшильдтер династиясындағы байлық 16 триллион долларлық АҚШ мемлекеттік берешегін толық өтегенде өздерінің жұмсауы үшін тағы бірнеше триллион доллар қалады дегенді айтуда. Ал Рокфеллерлер болса АҚШ федералдық жүйесінің негізгі иесі. Сондай-ақ олар елдің әскери өнеркәсібіне қожа. Ол ол ма, әлемде өндірілетін көмірсутектердің басым бөлігі Рокфеллерлер әулетінің меншігі. Қысқасы, бірінің байлығы бірінен кем емес екі алып неге мүйіздесуге тиіс деген орынды сұрақ жауабын күтеді.
«Көптен бері елді елеңдеткен аңыздай әңгіме осы. Мақала беттеліп жатқанда Конгресс сенат ұсынған Обаманың бюджетік жобасына ішінара келіскендей болды деген хабар таратылды. Анығын айтсақ, Конгресс мемлекеттік берешекті 2014 жылғы ақпанға дейінгі үкіметті «жұмыс істету» шығынын қоса жабатындай мөлшерде ұлғайғанын заңдастырмақ көрінеді. Бұл «жыртыққа жамау» ғана. Соны білгендіктен «фитиш» рейтинг агенттігі АҚШ кредиттік мүмкіндігін «күмәнді» деңгейге дейін түсірді. Бұл енді сөз жоқ Нью-Йорк қор биржасынан инвесторларды қашыратын хабар. Соған орай федералдық қаржы жүйесі аптасына 85 млрд доллардан мемлекеттік облегацияны сатып алу ісін жалғастыра бермек. Қысқасы, мемлекет ішіндегі Барак Обама бастаған демократтарға республикашылдардың қарсы тұруы жалғасып жатыр», дейді басылым.
«Ақыры не болмақ? Біздің білетініміз «алтын юань» жөніндегі Ротшильдтердің көксеген арманы бос қиял. Өйткені бір мемлекеттің ұлттық валютасы халықаралық сауда-саттық құралы қызметін атқарған кезде не болатынын көргендер, енді мұндайға жолай қоймас. Ал Рокфеллерлердің арманы орындала ма? Оны уақыт көрсетер. Ең бастысы, АҚШ үшін қайткен күнде де мемлекеттік борышты жою, болмай жатса азайту. Ал ол дәл қазіргі беталыспен мүмкін болмайтын «есек дәме». Сонда қалай? АҚШ үшінші дүниежүзілік соғысты ашуға мүдделі дегендер сөзі расқа айнала ма? Бетін аулақ қылсын. Одан да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған халықаралық валюта мен Халықаралық валюта қорын қайта құру туралы жобаны көп кешікпей іске қосса ең дұрысы сол болар еді. Мұны түсінетін жан бола ма, болмай ма? Оны уақыт көрсетер», дейді автор.