Бұл сайлау ұлтымызды жарқын келешекке нық қадам бастыратын тағдырлы қадам болмақ - М. Алтынбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл сайлау жай ғана сайлау емес, бұл сайлауда елдің тағдыры мен ұлт болашағы шешіледі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөніндегі бастамасын талқылау барысында сенатор Мұхтар Алтынбаев осылай мәлімдеді.

«Мен елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысты бүгінгі уақыт талап етіп отырған мүдде мен мүмкіндік тұрғысынан қараймын», - деді сенатор.

Оның айтуынша, жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы мемлекет алдында тұрған басты мәселелерді ашып көрсетіп, әлемдік дағдарыс кезіндегі жалпыұлттық стратегия мен тактиканы талдап таратып айтып берді. Осы басқосуда Президент елімізді дендеп тұрған дағдарыс жоқ екенін, алайда әлемдегі дүмпулердің алдын алуға қамдану керектігін айтқан еді.

«Халқымызда «Қамданған қапы қалмайды» деген қанатты сөз бар. Демек, біз жұрт болып жұмылып, ел болып еңсе тіктеп, алдағы күндердің мақсат-мұратын айқындап алуымыз шарт. Міне, сол шарттың алғашқы айқын белгісі халық назарына ұсынылды деп есептеймін. Бұл сайлау жай ғана сайлау емес, бұл сайлауда елдің тағдыры мен ұлт болашағы шешіледі. Кезектен тыс сайлаудың ең басты құндылығы - Елбасына берілетін сенім мандаты халықаралық саясаттағы ең күрделі кзеңдердің бірінде халқымызды біріктірудің, «Қазақстан-2050» стратегиясында айқындалған межеге тоқтаусыз ұмтылудың бірден бір жолы екені анық. 2015 жылғы сайлау ұлтымыздың болашаққа деген сенімін нығайта түсетін, жарқын келешекке нық қадам бастыратын тағдырлы қадам болмақ», - деді сенатор.

Депутаттың пайымынша, Қазақстан халқы сайлау арқылы бейбітшілік ең басты құндылық екенін күллі әлемге паш етеді. «Себебі бейбітшілікті сақтау, этносаралық келісім мен тұрақтылық, дінаралық диалог пен өркениеттер үндестігі - Елбасы саясатының түпкі мәні», - деді ол.