Бұл шара рухани өміріміздегі маңызы зор айтулы оқиғалардың бірі - Мәдениет және ақпарат министрі

;АЛМАТЫ. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Орталық мемлекеттік музейі мен Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бастамасымен өткізіліп отырған бұл шара рухани өміріміздегі маңызы зор айтулы оқиғалардың бірі.

Бұл бүгін "І Арғынбаев оқулары" халықаралық конференциясына қатысушыларға жолданған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің құттықтау хатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференция қазақтың көрнекті ғалым-этнографы, тарих ғылымының докторы, профессор Халел Арғынбаевты еске алу мақсатында ұйымдастырылған болатын. Екі күндік бұл алқалы жиынға  қатысушыларға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед арнайы құттықтау хат жолдапты. 

"Құрметті достар! ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан сіздерді көрнекті ғалым, этнограф Халел Арғынбаевты еске алуға арналған  1 Халықаралық Арғынбаев оқулары ғылыми конференциясының ашылуымен құттықтаймын. ҚР Орталық мемлекеттік музейі мен Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бастамасымен өткізіліп отырған бұл шара рухани өмірімізде маңызы зор айтулы оқиғалардың бірі" деп басталатын бұл хатты  конференцияның ашылу рәсімінде ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай оқып берді.  Онда М. Құл-Мұхамед музейтанушылар мен этнологтардың  бұл форумына тек қана Қазақстаннан емес,  Ресейден, Қырғызстаннан, Үндістаннан, Моңғолиядан және тағы басқа да елдерден белгілі этнотанушылар  қатысып отыр, бұл Қазақстанның қазіргі этнология ғылымы мен музейтану мәселелеріне деген қызығушылықтардың  арта түскенінің айғағы деп, конференцияның күн тәртібіне енген өзекті  мәселелер бойынша  сындарлы шешімдерге қол жеткізіледі деген сенімін білдірген.