«Бесінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасы барша қазақстандықтарды елең еткізгені белгілі. Халық қалаулыларының осындай шешіміне тікелей әсер еткен «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын Елбасының 2015 жылдың 30 қарашасындағы Жолдауы деп қабылдау керек. Сонымен қатар, оған қамшы болған Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» стратегиялық мақаласы дер едік.
Бұл шешімдерімен депутаттар өздерінің саяси сауаттылығын, дәрежесінің биіктігін көрсете алды. Себебі, тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде Ұлт Жоспарында көрсетілген нақты тапсырмаларды орындауға тың саяси күш жаңа көзқарастағы адамдар керек екенін түсінгенінде. Осы тұрғыдан алғанда бұл үндеу дер кезінде және оңтайлы ұсыныс», деді Жомарт Симтиков.
Ол Мәжілістің қазіргі құрамы елімізді және қоғамды дамыту үшін көп іс тындырғанын атап өтіп, мерзімінен бұрын сайлау өткізу жаһандық дағдарысқа қарсы жаңа бағдарламаларды жүзеге асыратын шақта дер кезінде қабылданатын шешім екенін атап өтті.
«Тарихи мерзімнен бұрын сайлау өткізу Қазақстан халқын ортақ мүдде мен ортақ мақсат үшін біріктіре түседі, экономикамыз үшін және бүкіл еліміз үшін қорғаныс шаралары болып табылатын дағдарысқа қарсы істерді, яғни Ұлт Жоспарын тың күшпен сауатты, әрі дағдарысқа қарсы саясатты дұрыс жүргізуге мүмкіндік береді. Ол мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайтады. Әлемдік дағдарысқа қарсы жаңа бағдарламаларды жүзеге асырғалы отырғанда мерзімінен бұрын сайлау өткізу дұрыс және дер кезінде қабылданған шешім болып табылады деп есептеу керек» деді сарапшы.