Бұл тек қана жаңа жобаның дүниеге келуі емес, бұл үлкен саяси, тәрбиелік мәні бар оқиға - М.Әшімбаев

СТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бұл тек қана жаңа жобаның дүниеге келуі емес, бұл үлкен саяси, тәрбиелік мәні бар оқиға. Бұл пікірді бүгін ел тарихында тұңғыш рет таза қазақ тілінде хабар тарататын «Балапан» телеарнасының іске қосылуында сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев білдірді.

Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаев Ақпарат министрлігінің, Президент Әкімшілігінің алдына 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарататын 3 телеарна құру турасында тапсырма бергендігін атап өткен ол «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындап, балалар телеарнаның тұсаукесеріне жиналып отырмыз. «Балапан» телеарнасы бұйыртса, болашағы үлкен, біраз көрермені бар, жақсы-жақсы хабарлар тарататын телеарна болады. Осы телеарнаның ашылуы үлкен оқиға. Бұл тек қана жаңа жобаның дүниеге келуі емес, бұл үлкен саяси, тәрбиелік мәні бар оқиға», деді.

М.Әшімбаев соңғы жылдары қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қазақ тілін қоғамымызда кеңірек тарату бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын баса айтып, басқа ұлт өкілдеріне де мемлекеттік тілді үйретуге арналған біраз бағдарламалардың бар екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар жаңадан шаңырақ көтеріп отырған «Балапан» телеарнасының тәрбиелік, танымдық маңызы болатындығына да сенім білдірді.

Бұл орайда көп нәрсе балалық кезден басталатындығына баса назар аударған ол «балаларды жақсылап қазақ тіліне үйретсек, тап-таза қазақша сөйлеп тұрса, әрине, бұл біздің тіліміздің болашағына үлкен жол ашатыны сөзсіз. Сондықтан осы «Балапан» телеарнасы қазақ тілін таратуда, қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне үйретуде үлкен рөл атқаратынына бәріміз сенеміз», деп түйіндеді сөзін.