Бұл Жеңіс бірліктің, бауырластықтың, қайсарлық пен еліне деген сүйіспеншіліктің көрінісі - Нұрсұлтан Назарбаев
Оған біздің 1 млн. 800 мыңнан астам отандасымыз қатысты. Олардың жартысынан астамы майдан даласынан қайтып оралмады. Бұл күні біз өз мемлекетіміздің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін жан бергендер мен сол үшін майданда қан төккендерге тағзым етеміз. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыда 28 қаһарман панфиловшылардың Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір сәт үнсіздікпен еске алғаннан кейін айтты.
Мемлекет басшысы өзінің Ұлы Жеңістің 66 жылдық мерейтойымен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін жеке құттықтау үшін Алматыға арнайы келгенін атап өтті. «Уақыт өткен сайын, сіздердің ұрпақ жасаған ерлік пен ұлы жеңістің маңызын түсіне аламыз. Бұл ешқашан ұмытылмауы тиіс, өйткені Ұлы Отан соғысындағы жеңіс бірліктің, бауырластықтың, қайсарлық пен еліне деген сүйіспеншілігінің көрінісі», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Оның айтуынша, бұл биылғы жылы өзінің тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтіп отырған біздің еліміз үшін өте маңызды. «Сол жеңіс пен біздің қазіргі жетістіктеріміз өзара тікелей сабақтас. Егер біз жеңімпаз аталарымыздың ұрпағы болмасақ, біз өз мемлекетімізді құра алмайтын едік. Сіздер әлемді үлкен қасіреттен қорғадыңыздар. Сондықтан біз мемлекетіміздегі тыныштық пен бейбітшілікті қорғаштап, өскелең ұрпақты сүйіспеншілік пен бауырластықпен, барлық халықтар мен ұлттарға құрметпен қарауға тәрбиелеудеміз», - деді Мемлекет басшысы.
Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қатарларды аралап өтіп, өзін ду қол шапалақпен қарсы алған ардагерлермен амандасты. Олармен бірге мерекелік концертке қатысып, көшпелі жауынгерлік асхананың ботқасынан дәм татты.