Бұл жолғы Азия ойындарында бәсеке жоғары болды — Әсем Орынбай

АЙЧИ. KAZINFORM — Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының стенд атудан күміс және қола жүлдегері Әсем Орынбай бүгінгі жарыс жолын қортындылап, қарсыластары туралы айтты.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстандық спортшы финалдық сын қиын болғанын жасырмады.

— Жарыс жақсы өтті. Біз жүлде жеңіп алу үшін көп дайындалдық, өзімізге сенімді болдық. Себебі әйелдер арасында біз Азияның алдыңғы қатарындамыз. Командалық сында Қытай құрамасына есе жіберіп, күміс жүлде қанжығаладық, — деді ол.

Әсем Орынбай жекелей сындағы қарсыластары туралы айтты.

— Қытай қызы — мықты қарсылас. Осыған дейінде финалда бірге өнер көрсетіп жүрміз. Жалпы, Азия ойындарындағы бәсеке жоғары болды, — деді спортшы.

Қазақстандық спортшы төрешілер шешіміне қатысты да ойын айтты.

— Тайланд өкілінің соңғы екі оғы есепке алынды. Төрешілер тиді деп есептесе, шешім солай болғаны. Алайда өзім оқтың тигенін көрмедім, — деді Әсем.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан әйелдер құрамасы стенд атудан Азия ойындарында күміс жүлде жеңіп алды.

Сонымен қатар Әсем Орынбай жекелей сында қола жүлде еншіледі.