Бұл жұпты бөлек елестету мүмкін емес: Шымкенттік қыз бен жыланның достығы туралы

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 жасар шымкенттік Айзада Әбдібек салмағы 15 килограмдық алып жыланды емін-еркін аузына салып, билей алады. Дәл осы ерекше қабілетімен көзге түскен жас өнерпазға Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түрікменстан циркінен шақырту түсіп отыр. Алайда қазақтың цирк өнерін дамытуды көздейтін қаршадай қыз өз елінде де биік шыңды бағындыруды көздейді.

Туғалы әкесі Әбдімүтәлі мен анасы Кәмшаттың түрлі жыртқыш жан-жануарларды, оның ішінде адуынды да айбарлы аюларды баптағанын көріп өскен Айзада отбасылық игі дәстүрді жалғастырып, дәріптеуде. Кішкене күнінен осындай жыртқыштарға етене болып өскен ол цирк өнерінде қолға үйренуі оңай аюды емес, одан да қиын да күрделі жыланмен жұмыс жасауды таңдаған. Ең алғаш 5 жасында «Кеша» есімді жыланымен манежге шығып, түрлі гимнастикалық іс-қимылдар жасаған. Сол кезден бастап, күні бүгінге дейін сүйікті жануарынан бір елі ажырамай, көрермен көзайымына айналуда.

«Кеша мен Айзада табиғат ананың екі бөлек жаратылысы. Дейтұрғанмен олардың арасындағы тылсым бір энергетика, айрықша махаббат бары көрерменге бірден сезіледі. Әрдайым тек бірге өнер көрсететін бұл жұпты екі бөлек елестету де мүмкін емес», - дейді Айзаданың анасы. Тіпті, Кеша иесін өзге де цирк әртістерінен қызғанатын сәттері болады екен.

Жеті жасар сары альбинос тұқымынан тарайтын Кеша Айзадаға бауыр басқаны соншалық, екеуі бірге бір бөлмеде ұйықтай береді. Бала кезінен үйінде маймыл, аю көріп өскен Айзадаға әрине бұл қорқынышты емес.

Айзада Әбдібек - негізінен әуе гимнастикасымен айналысады. Оның цирктегі басты қызметі де осы. Ата-анасы қыздарының дәл осы бағытқа деген  ерекше қызығушылығы мен қарым-қабілетін байқап, Ташкент циркінің танымал әртісі Камила Хаметовадан арнайы бата алып, оның бір құралын ырымдап сұратып та алған. Ырымшыл қазақтың ақ тілегі айқын мақсатқа айналып келеді. Себебі, бүгінгі таңда Қазақстанда әуеде еркін қалықтап өнер көрсететін саусақпен санарлық әртістердің ең жасы Айзада. Ол осы жолда өзіндік қолтаңбалары бар, танымал цирк жұлдыздары Әзілбек Болатов пен ерлі-зайыпты Жұмат, Қорлан Жанмұрзаевтардан да сабақ алған.  

Әуе гимнастикасымен қатар, бір ғана жыланымен шектеліп қалмай, түйе, қолтырауынмен де өнер көрсетеді. Бала тұрмақ, үлкендер жүрексінетін бір тонналық қолтырауынның қолтығына кіріп, аузынан шығатын жас өнерпаздың бойында ерекше дарын мен қабілет бар. Мамандар әуеде еркін қалықтап, жерде ең жыртқыш саналатын жан-жануарлармен тез тіл табысатын баланың болашағы зор дегенді айтады. Ол өз алдына - қазақ цирк өнерін әлемдік аренада танытуды да мақсат етіп қойған.  

Алдағы уақытта, жас өнерпаз түйе мен жыланды сабақтастыра үздік бір нөмір әзірлеп еліміздің барлық аймақтарын гастрольдік сапармен аралап қайтпақ ниетте екен. Екінің бірі таңдай бермейтін ерекше мамандықты айрықша өнерімен ұштастырып жүрген жас өнерпазға жан-жақты қолдау қажет. Өйткені, Айзадаға қазірдің өзінде өзге елден қол созып, көз тастап жүргендер көп екен.  

Фото: kaztrk.kz

Соңғы жаңалықтар