Нью-Джерси штатындағы Монмут Джанкшен қаласының «Метрополитен Риветерс» клубы 26 жастағы хоккейшіні қатарына қосып алғанын жариялады.
«Менің арманым орындалды. Алдымда ашылған мүмкіндіктерге қуаныштымын. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жұлдыздармен бірге NWHL-да ойнау сәті келді», - дейді Бұлбұл NWHL ресми сайтына берген сұхбатында.
Қартаңбаеваның шеберлігіне «Риветерстің» бас менеджері де жоғары баға берді.
«Қартаңбаеваның шеберлігі, ойынға адалдығы оны жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына, командамыздың белді мүшесіне айналдырары сөзсіз», - деді Кейт Витман Эннис.
Өткен маусымда Бұлбұл Канаданың Оңтүстік Альберта лигасында ойнайтын «Калгари Койотс» клубында 21 матчта 29 (8 21) ұпай жинап көзге түсті. Оған дейін Қазақстанда «Барыс» құрылымындағы «Томирис», Алматының «Айсұлу» командаларында өнер көрсеткен. Қазақстан құрамасында 2011 жылдан бері жүр. 5 мәрте әлемдік додаға қатысқан.