Буллингке қарсы күрес емес, алдын алу маңызды – Оқу-ағарту министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Ең бастысы – буллинг болғаннан кейін онымен күресу емес, оны болдырмау. Осылайша балаларға қауіпсіз әрі позитивті орта қалыптастыруға басымдық беріледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Альбина Залмұқанова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
Маманның айтуынша, елімізде буллингтің алдын алу жүйесі қалыптасып, нақты тетіктер енгізілген. Алғаш рет заңнамада «буллинг» ұғымы бекітіліп, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес буллинг үшін жауапкершілік қарастырылды.
– Биыл отандық сарапшылар әзірлеген «ДОСБОЛLIKE» бағдарламасы тоғыз өңірде пилоттық жоба ретінде іске асырылды. Нәтижесінде бағдарлама мектептер мен колледждерде енгізілетін болды. Диагностика деректері бойынша, жәбір көрсетуші балалардың үлесі 1,5 пайызға, ал өзін жәбірлеуші ретінде сезінетіндердің үлесі 5,4 пайызға азайды, – деді А.Залмұқанова.
Бағдарлама аясында пән мұғалімдерінен бастап күзетшіге дейінгі барлық қызметкерлер қатысатын антибуллингтік топтар құрылады. Бұл топтар буллингтің алдын алу, бақылау және анықталған жағдайда дер кезінде көмек көрсету жұмыстарын атқарады.
- Педагогтарға диагностикалау және нақты әрекет ету алгоритмдері үйретіледі. Баланың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, психологиялық қолдау орталықтарының мамандарымен бірлескен әдістемелер әзірленеді, – деді маман.
Альбина Залмұқанованың айтуынша, «ДОСБОЛLIKE» жобасын іске асыруда Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық институтының мамандары жыл бойы педагогтарды оқытады.
Бұған дейін, Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы іске қосылатынын жазған болатынбыз.