«Олар осы күннің батырлары. Кешеден бері біздің батырларымыз кәсіби бокста да жеңіске жетіп жатыр. Бейресми айтсақ, Қазақстанда «Бокс күні» болды. Осы жылдың күзінде Азия чемпионаты өтеді. Келер жыл – үлкен сынақ жылы. Парижде Олимпиада өтеді. Сол сайыстарға дайындалып, спортшыларды қолдауымыз керек», - деді Асхат Оралов.
Сондай-ақ министр боксшыларымыздың әлем чемпионатында көрсеткен нәтижесі тарихи жеңіс екенін атап өтті.
«Халқымыз бокстың «алтынына» үйреніп қалды. Алайда, біраз жыл «алтын» болмай қалды. Кешегі жетістікті – тарихи ұлы жеңіс деп айтуға болады. Болашақта бұл жетістікпен тоқтамаймыз», - деп мәлім етті ведомство басшысы.
Қоса кетсек бүгін жеңімпаздардың алғашқы легі елге оралды. Чемпиондардың екінші тобы – Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбай Астана уақытымен сағат 16:00-де елордаға қонады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Өзбекстанда өткен әлем чемпионатын 4 алтын, 1 күміс медальмен аяқтады.