Бурабай 2 миллион туристі қабылдай алады
Ақмола облыстық туризм басқармасынан алынған мәлімет бойынша, 2016 жылдың жазында Бурабайда 500 мыңнан астам туристер демалған. Ал жалпы бір жылда бұл көрсеткіш 1 миллион адамға жуықтаған. Құзырлы сала мамандары бұл көрсеткіштің 2017 жылы екі есеге дейін артатын болжауда.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырбековтың айтуынша, соңғы 10 жылда туристік саланың өңір экономикасына түсірген түсімі 5 есеге дейін көбейген. «Егер біз туристік саланы іске қосқанда 300 миллион теңге табыс түссе, бұл көрсеткіш қазіргі таңда 4,5 миллиард теңгеге өсті. Мемлекеттік бюджетке төленетін салық төлемдерін ғана алатын болсақ, оның көлемі 1 миллиард теңгеге жуықтады»,- дейді ол.
Қазіргі таңда аталған өңір қарқынды дамып келеді. Соның арқасында жергілікті шенеуніктер Бурабай-Шортанды шипажай аймағын дамытуға қатысты Үкіметтің қарауына тағы 80 іс-шараны ұсынған. Бұл мақсаттарды жүзеге асыруға 60 миллиард теңгеге жуық ақша қажет. «Егер бір ғана Бурабай шипажайын алып қарасақ, оған келушілердің 70 пайыздан астамы - қазақстандық туристер, 20 пайызы - Ресейден келетін қонақтар, 10 пайызы - алыс және жақын шетелдердің өкілдері. Биыл ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуіне орай, біз Бурабайға 2 миллион турист келеді деп күтіп отырмыз. Соның ішінде, туристердің 30-40 пайызы - Ресейден, тағы 40 пайызы - Қытайдан келетіндер»,- деді Шынарбек Батырбеков.
Төрт жыл бұрын Бурабай-Шортанды шипажай аймағын жүйелі дамыту жоспары іске асырылды. Соған сәйкес, Бурабай белсенді демалыстың барлық салаларын қамтитын халықаралық деңгейдегі жыл бойына қызмет көрсететін шипажайға айналды. Шортанды көлінің жағалауында премиум-кластағы туристік демалыс аймағы құрылды. Ол жерде 11 бес жұлдызды қонақ үйлер, виллалар мен таунхаустар, кеме аялдайтын айлақ, спорттық-сауықтыру орталығы, этникалық стильдегі кабиналар бой көтерді. Сол кезеңде бұл жобаға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі 6 млрд. АҚШ долларын құрады.
ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу - керемет мүмкіндік. Өйткені, туризм шағын және орта бизнесті өркендетуге ықпал етеді. Мысалға, өзіміз тәжірибесін үлгі ететін Малайзияны алайық. Қазір Малайзия жыл сайын 26 миллионға жуық туристерді қабылдайды. Туризм саласынан түсетін табыс 20 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл - елдің жалпы ішкі өнімінің 12, 5 пайызы. Малайзиядағы жұмыспен қамтылған халықтың 20 пайызы туризм саласында еңбек етеді. Айта кетерлік жайт, бұл елге барған ТМД азаматтарынан 30 күнге дейін виза сұрамайды. Алайда, барған адамның қайтар жолға билеті болуы шарт.
Визасыз тәртіп туралы үздік әлемдік тәжірибені Қазақстан да енгізді. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлемдегі 45 мемлекеттің азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз тәртіппен келе алатын болды.
ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу әлемдік қауымдастықтың біздің елімізге деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Шетелдік туристерді Қазақстанда өте қызықты нәрселер күтіп тұр. Көкшетаудың баурайындағы Бурабай да, Керекудің төсіндегі Баянауыл да Швейцарияның табиғатынан кем емес. Шетелдіктер көбінесе біздің әсем табиғатымызға қатты қызығады. Содан шығар, ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсімін Youtube-тан 181 802 адам, ЭКСПО-ның сайтынан 87 235 адам тамашалаған. Ал, халықаралық көрменің салтанатты ашылуының бейнежазбасын 385 отандық және шетелдік БАҚ көшіріп, таратты.