Бурабай әлемдік деңгейдегі туристік аймаққа айналмақ

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабай әлемдік деңгейдегі туристік аймаққа айналады. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен өткен Щучье-Бурабай курортты аймағындағы туризмді дамытуға арналған мәжілісте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бурабай курортында орналасқан «Konfor Hotel Burabay» қонақүйінде өткен шараға мемлекеттік құзырлы органдардың өкілдерімен бірге, Бурабай өңірінде туризм саласын дамытуға атсалысып жүрген кәсіпкерлер қатысты.

«Биыл жазда өңірімізде жұмыс сапарымен болған Үкімет басшысы облысымызда туризмді дамыту мәселесін талқылап, нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеген еді», деген облыс әкімі туризмді дамытуға қатысты алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталды. Щучье-Бурабай арнайы экономикалық аймағы құрылып, Үкімет тарапынан өңірді дамыту үшін қомақты қаржы бөлінгені белгілі. Курортты аймақты дамытудың алғашқы екі кезеңінде қыруар шаруалардың басы қайрылды. Дегенмен, үлгірмеген істер аймақты дамытудың үшінші кезеңінде қолға алынатын болады.

«Үкімет басшысы біздің алдымызға қысқа мерзім ішінде Бурабайды халықаралық деңгейдегі курортты аймаққа айналдыру жөніндегі міндеттерді қойып отыр. Осыған орай, алда қыруар жұмыстар күтіп тұр»-деген облыс басшысы ендігі арада ойын ережесі өзгеретінін, яғни курортты аймаққа аса ірі шет елдік инвесторлар келетінін айтып, сол арқылы қалыптасатын бәсекеге бүгінгі жұмыс істеп жұрған кәсіпкерлер төтеп бере алатындай болуы керектігін атап өтті.

Жасыратыны жоқ, қазіргі Бурабай аймағындағы жыл санап қатары қалыңдап келе жатқан шетелдік атаулы қонақүйлер мен демалыс орындарының бәрі бірдей заман талабына сай келе бермейді. Екі, үш, төрт, тіпті бес жұлдызды деп аталған осы жүзден астам  қонақүйлердің  тек 12-сі ғана халықаралық деңгейдегі стандарт бойынша сертификатталған екен. Ал атауы дардай болғанымен, қызмет сапасы сын көтермейтін қонақүйлер туралы жұртшылық тарапынан түсіп жататын шағымдар да аз емес. Облыс басшысы, осыған орай қонақүй бизнесімен айналысып, табыс тауып жүрген кәсіпкерлерге ертеңгі күні бәсекелестікке төтеп бере алмай, жағалауға шығып қалмас үшін уақыт талабына сай жұмыс істеу қажеттігін ескертті.

«Бізге бүгінгі күні жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлердің онан әрі жұмыстарын жемісті жалғастырғандары тиімді, ол үшін қолдан келген көмегімізді  көрсетеміз, бірақ ең бастысы сіздер тараптан белсенділік пен жаңа идеялар қажет»,-деді облыс әкімі.

Бурабай курортты аймағына салынған миллиардтардың нәтижесі қазір анық көрініп отыр. Курортты аймақтың көптеген түйткілді мәселелері шешіліп, абаттандыру, жол қатынасы саласы жақсара түсті. Аймақты дамытудың үшінші кезеңінде 62 миллиард теңге қарастырылып, бұл қаржы негізінен су көздерін тазарту, жолдарды жақсарту, спорт-сауықтыру кешенін салу сияқты жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақшы. Бурабай аймағына жыл сайын 1 миллионға жуық демалушы келеді десек, олардың бәрі дерлік жаз айларының үлесіне тиіп, күз-қыс айларында қонақүйлер мен демалыс орындары қаңырап бос тұрады. Осы орайда, өңір басшысы жыл он екі ай аймаққа келетін туристерді тарту шараларын жасауға назар аударды. Осы мақсатта  көп салалы спорт кешенін салу қолға алынбақшы. Онда республикалық, халықаралық жарыстар мен спортшыларымыздың жаттығуларын өткізуге толық жағдайлар жасалады. Сонымен бірге, Бурабайдан тау шаңғы жолын ашу да жоспарда бар. Бұлардың бәрі туристерді тартуға бағытталған шаралар.

«Бірақ бұның бәрі жеткіліксіз», -деді аймақ басшысы. -«Неге біз курортты аймақта сумен емдеуді жолға қоймаймыз. Кеңес заманында жұрт Есентукиге ағылатын,  Карло Вар курорты әлемге осы сумен емдеу арқылы танылған. Өз республикамызда Сарыағаш бар. Біздің өңірімізде де шипалы су жеткілікті ғой, неге соны пайдаланбаймыз?

«Көкшетау минералды сулары» АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы Шалқар Нұртілеуов аймақ басшысына кәсіпорын шығаратын суды түрлі дерттерден емдеуге, яғни шипалы су ретінде пайдалануға болатынын айтты. «Құлагер» суын еліміздің әр өңіріндегі 20 мыңға тарта сауда нүктелері таратады екен. Осында шығарылатын су адам бойындағы жүрек-қантамыр, тірек-қимыл сияқты 12 жүйенің 10-на ем ретінде пайдалануға болатындығын ғалымдар дәлелдеп отыр. Шалқар Нұртілеуов суды құтымен де, тіпті үлкен сиымдылықтағы ыдыстармен де курортты аймақтағы шипажайларға жеткізіп бере алатынын мәлімдеді. Яғни, сумен емдеуді Бурабай шипажайлары қолға алуларына толық мүмкіндік бар. Дегенмен, кедергі келтіріп тұрған бір нәрсе - денсаулық сақтау басқармасынан әрбір қызмет түрі үшін алынатын лицензия жайы екен. Облыс басшысы бұл мәселені құзырлы органмен бірлесе отырып шешуді тапсырды.

Бурабай өңірінде тұрып, осы аймақты зерттеумен айналысқан гидрогеолог Евгений Пятов өзге өңірлерде жоқ родонды судың Бурабай аймағында мол екендігін айтып, көптеген дертке шипа родонды суды да пайдалану қажет деген ұсынысын білдірді. Елімізде родонды сумен емдейтін шипажай тек Меркеде ғана бар екен. «Родонды суы мол аймақта тұрып, оны пайдаланбау жөн емес» деді гидрогеолог. Облыс басшысы бұл ұсынысты жүзеге асыру жолдары қарастырылатынын айтты.

Басқосуда сондай-ақ, ивент-туризмді дамыту мәселесі де талқыланды. Ивент-туризм, яғни түрлі спорт, мәдени шараларды өткізу арқылы туризмді дамыту өкінішке орай, курортты аймақта жеткілікті деңгейде қолға алынбай отыр. Бұндай шараларды өткізу әсіресе, күз-қыс-көктем айларында демалыс орындарын туристермен толықтыруға игі ықпалын тигізер еді.  «А-1 ақпараттық-жарнамалық компаниясы» серіктестігінің басшысы Гүлмира Байқошқарова курортты аймақта түрлі мәдени-көпшілік шараларды өткізуді ұйымдастыру жайында айта келе, өз ұсыныстарымен бөлісті. Бұл арада ең алдымен жарнамалау, жергілікті демалыс орындарының қызмет сапасын көтеру қажеттігі айтылды.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Үкімет басшысы тапсырған қысқа мерзім ішінде Бурабайды әлемдік деңгейдегі курортты аймаққа айналдыру міндетін орындау үшін қыруар жұмыстар жүргізу қажеттігін айтып, бұл істен жергілікті кәсіпкерлердің шет қалмауы қажеттігіне, олар неғұрлым белсенді жұмыс жүргізіп, жаңа идеяларға назар аудару қажеттігін жеткізді.