Бурабай ауданының автомобиль жолдарына екі миллиардтан астам теңге бөлінді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Бурабай ауданының автомобиль жолдарына екі миллиардтан астам теңге бөлінді. Бұл қаражатқа аудан орталығының ішкі жолдары, Бурабай кентінің инфрақұрылымы жаңғыртылды. Ірі жол құрылысы мәдениет - Зеленый бор бағытында жүргізілуде. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясындағы жобаға 600 миллион теңгеден астам қаржы бағытталды. 2021 жылға да айтарлықтай қаражат қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Мәдениет-Зеленый бор бағытындағы жолды жөндеуге бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер 600 миллион теңге сомасына жұмыстарды жүзеге асырды. Келесі жылы 400 миллион қарастырылған. Бұл қаражатқа қалған 12 шақырым жөнделеді. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 75 адам жұмысқа орналастырылды.

«15 шақырым жол жөнделді: Мәдениет және Жаңаталап ауылдарының арасындағы 10 шақырым жол және Жаңаталап ауылынан Жасыл бор бағытында 5 шақырым жол. Жолдың жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайды. Жолдың 12 шақырымын жөндеу ғана қалды», - деді Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Биданов.

Облыс әкімі жол төсемінің дұрыс пайдаланылуын қадағалауды тапсырды. Цемент зауытының жүк машиналары өз жүктері есебінен жаңартылған учаскелерді зақымдауы мүмкін.

«Жол-халық үшін де, бизнес үшін де ең басты қажеттілік. Сапалы жол өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Жаңа жолдың сапасын үнемі қадағалап отырыңыз. Заозерный, Донской бағыттары бойынша «Кокшецемент» ауыр жүктері өтеді. Бұл аймақта қиыршық тасты карьерлер де бар. Белгіленген мөлшерден артық жүк тасымалын болдырмау үшін жол полициясы қызметіне тапсырма беру қажет. Тиісті жол белгілері орнатылуы тиіс», - деп атап өтті облыс әкімі Ермек Маржықпаев.

Ағымдағы жылы Щучинск қаласы мен Бурабай кентінің ішкі жолдарын жөндеу басталды. Алайда мердігердің немқұрайлылығына байланысты кейбір көшелердің құрылысы келесі жылға ауыстырылды. Облыс әкімі 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын пысықтауды және құрылыс сапасын мұқият қадағалауды тапсырды.