Бурабай курортын дамыту жоспарына 137 миллиард теңге бөлінді

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бурабай курорттық аймағын дамыту үшін 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді, онда 137 миллиард теңгеге 118 іс-шара жүргізу қарастырылған. Жоспар туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында толығырақ айтып берді.

− Бурабай курорты халықаралық іскерлік, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды тарту орталығына айналуы керек. Ол тиісті инфрақұрылымды талап етеді. Сондықтан басты 34 инженерлік және көліктік жобалар айқындалды. Нәтижесінде 400 км сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелері, 116 км электр желілері және 80 км автомобиль жолдарына реконструкция жасалады, − деді М.Ахметжанов өз баяндамасында.

Курорттың санитариялық жағдайы да ерекше бақылауда, мұнда 15 санитариялық-гигиеналық торап қосымша сатып алынды. Жыл соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестікпен қоқыс сұрыптау және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кешені салынады.

Әр жылы Щучинск-Бурабай курорттық аймағына 20 млрд теңгеге дейін жеке инвестициялар тарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 22 мыңнан 32 мың адамға дейін ұлғаяды.

Сонымен бірге, биыл аквапаркі және демалыс үйлері бар «Дольче бай Уиндэм» отелі, «Бурабай Гранд Виллэдж» коттедж қалашығы салынып, «Абылай Хан» қонақ үйі реконструкцияланады.

− Туристік сервис пен демалу жағдайын жақсарту үшін биыл
9 шолу алаңы мен 14 туристік маршрут жасалады, Щучье көлінің жағажайы абаттандырылады. Щучье қаласындағы дендропаркті реконструкциялау басталады. Көпбейінді конгресс орталығы да маңызды туристік объектілердің біріне және Бурабайдың ақмаржанына айналуы қажет. Қазіргі уақытта жер учаскесі белгіленді жобаны әзірлеу жұмысы басталды, − деді облыс әкімі.

Сонымен қатар биыл курорттық аймақта жасанды интеллектпен жабдықталған 114 бейнебақылау камерасы орнатылады. Ол туристердің қауіпсіздігі үшін қосымша мүмкіндік береді.

Ұялы байланыс пен мобильді интернеттің сапасын жақсарту мақсатында, Щучинск-Бурабай курорттық аймағында қосымша 
7 антенна-діңгекті құрылыс орнатылды. Жазға дейін оларда мобильді операторлар орналастырылатын болады.

− Өңірдің туристік әлеуетін танымал ету және дамыту үшін «Four season» тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Биыл 25 ірі халықаралық және республикалық іс-шаралар қарастырылған. «Burabay Travel» мобильді қосымшасының контенті толығып келеді, ол туристік кластер туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді, − деді Марат Ахметжанов.

Бұған дейін «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен қанша экономикалық пайда түсетінін айтып берді.