Бурабай курортын дамытуда біраз шаруалар атқарылды - Арыстанбек Мұхамедиұлы

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Айнакөлдің жағасындағы «Әлем» қонақүйінде курортты аймақтағы туризмді дамыту жайына арналған мәжіліс өтті. Мәжілісте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туризмнің қазіргі жайы мен болашақ даму бағдары жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, 2017 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумның туризмнің бәсекелестікке қабілеттілік индексі бойынша Қазақстан әлемнің 136 елінің арасында 81-ші орынды иеленген. 2015 жылы еліміз 85-ші, ал 2011 жылы 93-ші орында болғандығын ескерсек, Қазақстан туризмі жыл санап ақырындап дамып келе жатқанын бағамдауға болады. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша «Жобалық басқару» бағдарламасы шеңберінде туризм ұлттық экономикамыздың алты жетекші саласының қатарына енгізілді. Отандық туризмнің алдына зор мақсат қойылып отыр: туризм саласынан түсетін табыс көлемін 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 8 пайызына дейін жеткізу жоспарланған. Туризм саласын серпінді дамыту, ең алдымен бұл салаға кәсіпкерлерді белсенді тартуға байланысты. Яғни, туризмнің дамуы отандық бизнестің дамуымен қатар жүрмек. Биылғы жылдың 30 маусымындағы Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет 2023 жылға дейінгі мерзімге арналған Қазақстанның туризм саласын дамыту тұжырымдамасын қабылдаған болатын. Онда саланы дамытудың алты басым бағытының ішінде «Табиғат және көшпенділер мәдениетінің бірлігі» кластеріне Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының көшпенділер мәдениеті мұралары енгізілді. Бурабай курортты аймағы осы кластердің өзегі болып табылады.
«Бурабай курортты аймағын дамытуға Үкімет көп жылдардан бері жете көңіл бөліп, бұл бағытта біраз шаруалардың басы қайырылды. Қазіргі күні курортты аймақта тек отандық демалушылар ғана емес, шет елдерден, оның ішінде іргелес Ресей мен Қытайдан, Түркиядан, Иран, Үндістан сияқты елдерден келіп демалатындар қатары өсе түскен. Бүгінгі күні Қазақстан әлемнің алпыстан астам елімен визасыз байланыс орнатқан. Яғни, еліміздің азаматтары бұл елдерге визасыз баруларына мүмкіндіктері бар. Бурабай жоғарыда айтылған «Табиғат және көшпенділер мәдениетінің бірлігі» кластерінің мәдени өзегі болуы тиіс. Онда халықаралық дәрежедегі спорттық, мәдени, балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі шаралар, фестивальдер мен конкурстар өткізіліп тұратын болады. Мәдениет және спорт министрлігі осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізбек», - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.