Бурабай курортында ресейлік 9 жасар бала құтқарылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Бурабай курортында суға батып кете жаздаған ресейлік 9 жасар бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға шілденің 9-да Кіші шабақты көлінде болған.  

«Кіші шабақты көлінде үрлемелі матраспен жүзу кезінде 9 жасар баланы толқын алып кеткен. Сағат 14:05 ата-анасы құтқарушыларға хабарласып, көмек сұраған. Арада бірер сағат өткен кезде құтқарушылар катермен балаға жетіп, оны жағаға алып шықты. Баланың үсітнде құтқару кеудешесі болмаған. Кейін белгілі болғандай бала Бурабайға ата-анасымен Ресейден демалуға келген», дейді ведомство өкілдері.

Құтқарушылар суға шомылған кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ, ата-аналарға су қоймаларында баланы бақылаусыз қалдырмауды ескертеді.