Бурабай курортының бірыңғай сәулет келбеті қалыптасуда

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  - Ақмола облысында Бурабай курортының бірыңғай сәулет келбетін қалыптастыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына сілтеме жасап.

«Бурабай кентінің орталық алаңында абаттандыру жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізілуде. Оның ішінде жол жиегіне бедер тас төсеп, гүлзарлар отырғызу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Сондай-ақ, қазіргі заманғы талаптарға сай тамақтану орындары ашылуда», деп жазады аймақ басшысы Фейсбуктегі өзінің парақшасында.

Сонымен қатар, ол алдағы уақытта қоғамдық тамақтану орындарының көптеп ашылатынын да атап өткен.

«Жақын күндері курортты аймақта туристер үшін 20-дан астам street food павильонын ашу жоспарда бар. Қазірдің өзінде орталық жағжайға апаратын аллеяның бойында Бурабайға демалуға келген алғашқы туристерді кездестіруге болады.

Жарықтандырылған көшелердің бойында орнатылған орындықтарда ақпараттық бағыт-бағдарлар мен «I love Burabay» белгісі қойылған. Мұнда жол, ғимараттардың сыртқы келбеті қалпына келтіріліп, маңы абаттандырылуда», деп көрсетілген жазбада.