Бурабайда саяхатшылар серуендейтін соқпақтар табиғатты қалай қорғайды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Алғаш қарағанда туристік соқпақ орман ішіндегі қарапайым жол сияқты көрінеді. Алайда «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде әрбір маршруттың артында ғылыми есептеулер, экологиялық бақылаулар мен зерттеулер жатыр. Жазғы туристік маусым қарсаңында ұлттық парк дирекциясы мұндай соқпақтардың не үшін қажет екенін тағы бір мәрте түсіндіруді жөн көрді.

Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Алдымен терминдерге тоқталған жөн. Экосоқпақ – табиғатты танып-білуге арналған арнайы жабдықталған ағартушылық маршрут. Ал кәдімгі туристік соқпақ белсенді демалысқа, серуендеуге немесе көрікті жерлерді аралауға бағытталған. Олар заманауи туризмнің басты мәселесін шешуге көмектеседі – жыл сайын миллиондаған адам келетін аумақта табиғатты сақтау.

Бурабайдағы барлық туристік соқпақтар экожүйені қорғау құралы ретінде қызмет етеді. Олар ғылыми бақылауларды, рекреациялық жүктемені және табиғи ландшафттың ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген.

Бүгінде «Бурабай» МҰТП аумағында табиғи аймақтарға түсетін жүктемені азайтуға көмектесетін инфрақұрылым қалыптасқан. Бурабай көлінің жағалауында демалушылар ағынын реттеп, жағалау аумағындағы ретсіз қозғалысты азайтуға мүмкіндік беретін тротуарлар мен велосипед жолдары салынған. Мұндай тәсіл топырақ жамылғысын сақтап, су маңындағы аумақтардың тапталуын азайтады.

Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Ұлттық парк экологиялық инфрақұрылымды одан әрі дамытуды да қарастырып отыр. Болашақта туристік маршруттардың жекелеген учаскелерінде арнайы ағаш төсемдер орнату жоспарлануда. Бұл рекреациялық жүктемеден табиғи аумақтарды қосымша қорғауға мүмкіндік береді.

– Көп адам соқпақ еркіндікті шектейді деп ойлайды. Шын мәнінде ол табиғатты сақтайды. Егер адам ретсіз жүрсе, табиғат біртіндеп жойыла бастайды. Ал туристер легі арнайы ұйымдастырылған маршрутпен жүрген кезде орман табиғи қалпында өмір сүруін жалғастырады, экожүйенің сақталуына мүмкіндік туады. Бұл – заманауи экотуризмнің басты қағидаты, - дейді «Бурабай» МҰТП директорының орынбасары Венера Нугманова.

Бір қарағанда орман берік әрі төзімді болып көрінеді. Қарағайлар ондаған жыл бойы өсіп тұрады, гранитті жартастар мәңгілік секілді әсер қалдырады, ал аяқ астындағы жер қатты қабат сияқты қабылданады. Алайда экологтар бұған басқаша қарайды. Топырақ астында күрделі тірі жүйе бар. Өсімдік тамырлары, мүктер, қыналар мен микроорганизмдер ылғалды сақтап, эрозияның алдын алады және орманның табиғи қалпына келуін қамтамасыз етеді. Мыңдаған адам белгіленген маршруттардан тыс ретсіз қозғала бастағанда экожүйе табиғи түрде қалпына келуге үлгермей қалады.

Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Үнемі тапталудың салдарынан алдымен шөп жамылғысы жойылады. Кейін топырақ тығыздалады. Одан соң су балансы бұзылады. Соның нәтижесінде орман алқабының деградациясы басталады.

– Ұлттық парк флорасында өсімдіктің 754 түрі кездеседі. Соның ішінде 20 түрі жойылып кету қаупінде тұр. Сонымен қатар көне геологиялық дәуірлерден сақталып қалған, климаттық өзгерістерді бастан өткерген 79 реликт өсімдік түрі сақталған. Кейде туристердің бір маусым бойы бақылаусыз жүруінің өзі белгілі бір аумақтың кейін ондаған жыл бойы қалпына келуіне әкелуі мүмкін. Кейбір өсімдік түрлері мүлде жойылып кетуі ықтимал. Сондықтан әлемдік ұлттық парктер тәжірибесінде туристік соқпақтар табиғатты қорғау жүйесінің міндетті бөлігі болып саналады, - деп түсіндіреді «Бурабай» МҰТП ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің мамандары.

Парк экожүйесіне одан да үлкен зиянды автокөліктерін орман алқабына дейін айдап кіретін жүргізушілер келтіреді. Бұл — ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару ережелерін тікелей бұзу. Мұндай әрекеттер топырақтың бүлінуіне, өсімдіктердің жойылуына, құмырсқа илеулері мен жануар індерінің бұзылуына әкеледі. Көліктер жылдар бойы қалыптасқан табиғи қабатты таптап кетеді. Бұдан бөлек, көліктерден мотор майы мен техникалық сұйықтықтардың ағуы экожүйеге орны толмас зиян келтіреді.

Табиғи нысандарды сақтауда көру алаңдарының да рөлі ерекше. Олар туристерге Бурабайдың көркем келбетін қауіпсіз тамашалауға мүмкіндік береді және гранитті жартас массивтерінің табиғи күйін сақтап, тау жыныстарының біртіндеп бұзылуының алдын алуға көмектеседі.

Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Венера Нугманованың айтуынша, ұлттық парктің басты міндеті – осы бірегей аумақтың экожүйесі мен биоалуантүрлілігін сақтау. Ал бұл үшін келушілердің экологиялық санасын қалыптастыру маңызды.

– Адам міндетті түрде ботаник, геолог немесе орнитолог болуы шарт емес. Бірақ табиғаттың тұтас тірі экожүйе екенін түсіну маңызды. Айта кету керек, біздің қызметкерлер жергілікті мектептерде экологиялық ағарту жұмыстарын тұрақты жүргізеді. «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы әрбір акция қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, туған жерге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге бағытталған. Егер біз Бурабайды шынымен жақсы көрсек, онда орман мен көлдерге зиян келтірмей демалуды үйренуіміз керек, - дейді директордың орынбасары.

Туристік соқпақтар табиғатқа ұқыпты қарауды үйретеді және келушілерді ұлттық парктердің шын мәнінде не үшін қажет екенін, оларды неге қорғау маңызды екенін түсінуге біртіндеп жетелейді.

Бұған дейін Бурабай ұлттық табиғи паркі аумағынан қалай тез әрі ыңғайлы шығуға болатынын жазғанбыз.