Көлікке парк аумағынан тұрақ беру құны бір сағатқа 150 теңге деп көрсетілген. Ал парк аумағына жеңіл көлікпен кірудің құны 0,4 айлық есептік көрсеткіш (1476 теңге-ред.) деп белгіленбек. Кіру ақысы 16 орындық автобустар үшін 1 АЕК (3 692 теңге), 16-32 орындық автобустар үшін 2 АЕК (7 384 теңге), 32-ден артық жолаушыға арналған автобустар үшін 3 АЕК (11 076 теңге) болатыны айтылған.
Сондай-ақ, құжатта парк аумағында қызмет көрсету орындарын жалдау ақысына байланысты тарифтер де жарияланған.
Парктің күзетілетін аймағымен шекарада тұратын тұрғындардың, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдардың, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен оған теңестірілгендердің, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдар ардагерлерінің, тиісті тану белгілері бар ТЖМ, ІІМ, Әскери полиция, ҰҚК көліктері, электромобильдер «Бурабай» МҰТП аумағына кіру ақысынан босатылады.
Айта кетейік, биыл 8 шілдеде Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл өзгерістерге байланысты Алматы облысының аумағында Ұлттық табиғи парктердің басшылары пікір білдірді.