Бурабай спорт мектебінде ішек инфекциясы анықталған балалардың жағдайы қалай
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде облыстық көпсалалы балалар ауруханасы мен «Авиценна-Бурабай» ЖШС-да жатқан барлық балалар ауруханадан шықты, оларды ата-аналары алып кетті.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының директоры Мұхтар Досхожиннің айтуынша, оларға төрт бала жіберілді, бірақ кеше олардың барлығы ауруханадан шықты.
— Балаларды ата-аналары алып кетті. Олар Алматы мен Қостанайдан болды. Балалардың барлығы ауруханадан шығарылды, олар түскен кезде де жағдайы қанағаттанарлық болды. Кеше олар ешбір симптомсыз, дене қызуы көтерілмей әкетілді. Біз талдау жүргіздік, бірақ қорытындысы әлі шыққан жоқ, сондықтан аурудың себебін айта алмаймыз. Талдау қорытындысы 3-4 күнде дайын болады, — деп түсіндірді бас дәрігер.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, тағы алты бала «Авиценна-Бурабай» ЖШС-да болған. Олардың барлығын ата-аналары алып кетті. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық.
Осы арада облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Бурабай ауданындағы «№ 2 Жақсы» спорт мектебінде балалардың жаппай улануына қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 304-бабының 1-бөлімі (санитариялық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған қылмыстық істің тергелуі департамент басшылығының бақылауында.
Бұған дейін Ақмоладағы спорт мектебінде 18 балада ішек инфекциясы анықталғанын жазған болатынбыз.