«Бурабай» ұлттық паркі аумағындағы көлдердің жағалауы тазартылды

Фото: Фото: «Бурабай» МҰТП

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында 200-ге жуық еріктінің қатысуымен «Таза жағалау» акциясы өтіп, Шортан, Бурабай, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қатаркөл және Жөкей көлдерінің жағалауларынан екі тоннадан астам қоқыс жиналды. 

«Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінің мәліметінше, акция барысында ұлттық парк инспекторларына жергілікті тұрғындар, жалға алушылар мен олардың қызметкерлері, сондай-ақ колледж студенттері көмектесті. 

Жиналған қоқыстың едәуір бөлігі – пластик шөлмектер, шыны және қаңылтыр банкалар, полиэтилен пакеттер. Қоқыстың бұл түрі қоршаған ортаға өте қауіпті, өйткені олардың ыдырау процесі жүз жылдан астам уақытқа созылып, табиғатқа үлкен зиян келтіреді. 

Фото: «Бурабай» МҰТП

«Таза жағалаулар» акциясы биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. 

«Бұл акция – біздің ұжымның ұлттық парк аумағын таза ұстауға бағытталған тұрақты жұмысының бір бөлігі. Мұндай бастамалар көлдер мен көлдердің жағалауындағы экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар адамдардың табиғатқа деген қамқорлығын күшейтуге ықпал ететініне сенімдіміз. Биыл қоршаған ортаны қорғау бойынша бізді қолдайтын халықтың саны артты. Акцияға қатысқан барлық еріктілерге алғыс айтамыз», - деді «Бурабай» МҰТП бас орманшысы Бауыржан Махметов. 

Айта кетсек, бұдан бұрын ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты «Бурабай-Даму» ЖШС ұжымының 30-дан астам қызметкері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткен «Таза бейсенбіге» қатысқанын жазған едік.