«Бурабай» ұлттық паркіндегі аң-құстардың қысқы азығы жеткілікті ме
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - «Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері аң-құстардың қысқы жем-шөбін дайындап жатыр.
«Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінің мәліметінше, қазірдің өзінде 147 мың бума қайыңның жапырағы дайындалды. Былтыр барлығы 135 мың бума дайындалған еді.
Жоспар бойынша орылуға тиіс 451 тонна шөптің біраз бөлігі орылып, шөмелеге үйілді. Шөп ору науқаны әлі жалғасады. Бұдан бөлек, 20 тонна жемдік тұз сатып алынды.
Ұлттық парк қызметкерлері ормандағы алаңқайларда орнатылған 40 науаны жөндеп, тағы жаңадан он бесін орнатты. Ол науаларға қысқы кезеңде жапырақ бумасы байланып, тұз және шөп салынады.
«Бурабай» ұлттық паркі жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бөлімінің бастығы Юрий Зелинский атап өткендей, өңірде қыс қатал болады, Сол себепті, алдын ала қамданып, аң-құстарға қамқорлық жасамаса, көктемге қиналып шығуы мүмкін.
«Қыс бойы орман инспекторлары мен қорықшылар науаларды тексеріп, жем-шөп бітіп қалмауын бақылап отырады. Биыл қайың жапырақтарынан бума жасаудан қалған қалдықтарын жинап, қабандарға 15 пана жасадық. Қатты аяз-борандарда жануарлар осы жерге келіп, ықтайды», - дейді Юрий Зелинский.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Бурабай» ұлттық паркінде жабайы жануарлардың саны едәуір өскенін жазған едік.