«Бурабай» ұлттық паркінің қорықшылары сирек кездесетін сұр үкіні видеоға түсіріп алды

Фото: Фото: pixabay.com

«Бурабай» ұлттық паркінің қорықшылары бұл өңірде өте сирек кездесетін үлкен сұр үкіні бейнекамераға түсіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұлттық парктің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Онда үкінің жойылып бара жатқан құс ретінде Халықаралық «Қызыл кітапқа», Ресейдің бірқатар өңірлерінің «Қызыл кітабына» енгені айтылған.

Табиғат қорғау инспекторы Айбек Ақжүніс «Бурабай» орман шаруашылығын шолып жүріп, қарағайдың биіктеу бұтағында қонып отырған үлкен сұр үкіні байқап қалған.

- Мен мұндай құсты бұрын-соңды көрмегенмін. Бірден телефонымды қостым. Видеоны өзіміздің орнитологтарға көрсетіп едім, ғалымдар сирек кездесетін сұр үкі екенін айтты,- дейді Айбек Маратұлы.

Ғылымда Strix nebulosa деген атпен белгілі. Оны ұлттық парк аумағында осымен бар болғаны екінші рет ғылым бөлімі тіркеп отыр. Үлкен сұр үкі Қазақстанда Тарбағатай тауларында, Катонқарағай биосфералық резерватында кездеседі. Ресейдің кей өңірлерін, Моңғолияның таулы жерлерін мекендейді. Өз тұқымдастарының ішіндегі ең ірісі саналатын құс қанатын жайғанда, құлашы 1 жарым метрге дейін жетеді. Еркегінің салмағы шамамен 1,2-1,3 кг, ұрғашысы 1 килодай тартады.