Видео Қазақстан Президенті іс басқармасының Instagram парақшасында жарияланды.
«Кешқұрым қайтып келе жатыр едім. Терісінің түсі топырақпен және өсімдіктермен астасып, көзге әрең көрінсе де, байқап қалғаныма өзім де таңғалдым. Телефонымды қосып үлгердім, ол да бір-екі секундта жалт бұрылып, қалың ағаштың ішіне қарғып кіріп кетті. Керемет жылдам екен», - дейді орманшы.
Сілеусін – өте сирек кездесетін, аса сақ, түнде ғана жортатын аң.
«Сілеусінді суретке түсіріп алғанымды мақтан тұтамын! Оны күндізгі уақытта көру – өте сирек кездесетін құбылыс әрі сәттілік. Өйткені олар түнде өмір сүреді және адамдарға ешқашан көрінбейді. Суретім ұлттық саябақ экожүйесінің жануарларға, соның ішінде сілеусіндерге қолайлы екенін көрсетеді. 2021 жылы орманда сілеусіндердің небәрі 9 дарасы тіркелген болса, 2023 жылдың басындағы есеп бойынша, олардың саны 39-ға жетті», - деді Әділхан Шәймерденов.