Бурабайда 43 жастағы тұрғын бірге тұратын әйелді ұрып, қолын сындырған

БУРАБАЙ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының 43 жастағы тұрғыны бірге тұратын әйелді ұрып, қолын сындырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2020 жылғы қыркүйектің 30-да Бурабай аудандық ПД кезекшілік бөліміне 38 жастағы әйелдің өз үйінде дене жарақатын алып, қолы сынғандығы туралы хабар түсті.

«Айтылған мекенжайға жеткен тәртіп сақшылары зардап шеккен әйелдің болған жағдайды жасырып қалу үшін ауруханаға бармағандығын анықтады. Белгілі болғандай, 43 жастағы ер адам бірге тұратын әйелмен қосылып арақ ішкен, кейін екеуара шыққан жанжал барысында әйелді көсеумен ұрып, қолын сындырған», - дейді ведомстводан.

Қазіргі кезде, ер адамның үстінен ҚР ҚК 107-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.